astana-view

Кәсіпкерлер дәріге таңба енгізуді кейінге қалдыруды сұрайды

2022 жылғы 09 Қараша
7813 просмотров

Дереккөз: kaztag.kz

Қазақстанда осы жылдың 1 шілдесінен бастап дәрілік заттарды цифрлық таңбалау енгізілді. Таңбалаудың бірінші кезеңіне 17 фармацевтикалық компания қатысады. Оның төртеуі – отандық өндірушілер. Бірінші кезеңде препараттардың 90 атауы таңбаланады деп жоспарланған болатын. Бірақ бүгінде фармацевтикалық бизнес өкілдері – дистрибьюторлар мен дәріхана ұйымдары таңбалаудың ақпараттық жүйесінің интеграциясы мен дайындығының болмауы және тауарлардың қадағалануына байланысты таңбаланған тауарды толығымен қабылдауға дайын емес.

«Қазақстанның Фармединдустриясы» фармацевтикалық және медициналық өнімдерді өндірушілер қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Гүлдария Манақбаеваның айтуынша, цифрлық таңбалаудың көмегімен медициналық мекемелер мен өндірушілер препараттарды тұтынудың нақты көрінісін онлайн режимде көруге тиіс болғанына қарамастан, бүгінде бұл мақсатқа қол жеткізілмеді. Өйткені қадағалау жүйесі жұмыс істемейді, препарат пен компания туралы барлық ақпаратты өндіруші қолмен енгізеді.

«Пилоттық жоба кезінде сегіз препараттың 87 мыңнан аса қаптамасы таңбаланды. Айналымға екі мыңнан аса қаптама, яғни таңбаланған өнімнің 2,7 пайызы шығарылды. Астананың екі дәріханасына небәрі үш таңбаланған қаптама немесе таңбаланған өнімнің 0,003%-ы ғана жіберілді», – деді тікелей эфир барысында Гүлдария Манақбаева.

 Мәселенің материалдық жағы да талқыланды. Сериялау және біріктіру жабдықтарының бір жиынтығының құны 100-ден 250 мың еуроға дейін барады. Сонымен қатар орынжайларды салу, желілерді қайта құру, қосымша жабдықты сатып алуға кететін шығындар бар. Нәтижесінде бір желіні жабдықтау құны жарты миллион еуроға жетуі мүмкін. Сонымен қатар, әр жабдыққа бағдарламалық жасақтаманы сатып алу және орнату қажет.

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ зерттеуі бойынша таңбалауды енгізу 2025 жылға қарай дәрілік препараттардың бағасын 27%-ға дейін көтереді. Біз осындай талдауға тапсырыс бердік және егер қазірдің өзінде бар геосаяси проблемалар аясында таңбалауды енгізуді жалғастыратын болсақ, шағын және орта бизнестің 32 кәсіпорны қандай да бір қолдаусыз банкротқа ұшырауы мүмкін деген қорытындыға келдік», – деп санайды Гүлдария Манақбаева.

Спикер мемлекеттік органдарды 2025 жылдың соңына дейін дәрілік заттарды міндетті таңбалауды енгізу мерзімдерін кейінге қалдыру мәселесін қарастыруға немесе тек экспортқа арналған өнімдер үшін қадағалауды таңбалауды енгізуге шақырды.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов дәріханаларды дәрі-дәрмекпен жабдықтау мәселесі «өте өзекті және мұнда ешқандай қауіп-қатерге жол бермеу керек» деп атап өтті.

«Қазақтелеком» АҚ бірыңғай операторының жобалық кеңсесінің бас директоры Бикеш Құрманғалиева дәрілік заттарды таңбалаудың барлық кезеңін заңнамалық тұрғыдан бекіту маңызды екенін айтты.

 «Жұмыстың кезеңділігін реттеу аса маңызды. Өйткені іске қосу мерзімін 2024 жылдың шілдесі деп белгілеуде тәуекел бар. Барлық кезеңді заң тұрғысында бекіту керек, осылайша нарық қатысушыларына қай кезең қашан өтетіні түсінікті болады. Менің пікірімше, кезеңділік бекітілсе, нормативтік актілер қабылданып барлық міндеттеме орындалады», – деді Бикеш Құрманғалиева.

 Спикер қазіргі кезде шетелдік өндірушілерге ЭЦҚ алу процесі толық пысықталғанны айтты. Алайда ҚР халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры шетелдік дәрі-дәрмек өндірушілердің ЭЦҚ алуда кедергілерге тап болатынын атап өтті.

 Отандық фармацетивкалық бизнес және «Атамекен» ҰКП өкілдері осы жағдайларды ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігін міндетті таңбалауды енгізуге асықпауға және оны тауарлар мен нарықтың барлық қатысушының қадағалануы мен таңбалануының ақпараттық жүйесі толық дайын болғанға дейін кейінге қалдыруға шақырады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер