astana-view

Ақмола облысында тігін кәсіпорындары жабылып қалуы мүмкін

2022 жылғы 09 Қараша
- Ақмола облысы
12814 просмотров

Ақмола облысында жеңіл өнеркәсіп саласының өкілдері қиын жағдайға тап болды. Келіп түскен мәліметтерге сәйкес кейбір кәсіпорын тіпті жабылу алдында тұр.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өткен X съезінде отандық бизнестің өзекті мәселелері қаралды. Ақмола облысының жеңіл өнеркәсіп өкілдерінің түйткілді мәселесін Өңірлік кеңес мүшесі, жеке кәсіпкер Екатерина Жукова көтерді.

Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қолда индустриялық сертификат пен СТ-KZ сертификатының болуы жеткілікті емес. Өңірде мемлекеттік сатып алуға қатысты күрделі процесс. Көп жағдайда мемлекеттік сатып алуда төмен бағаны ұсынатын кәсіпорындар жеңімпаз болады. Ал баға төмен болған сайын сапа түсетіні белгілі.

  «Мемлекеттік сатып алуда қалыптасқан қағидалар, тауарды сапаға тексеру механимзінің болмауы, сонымен қатар бюджет қаражатын игеру мерзімдерінің белгіленбеуі салдарынан тапсырыс берушілер тауарды тиісті тексерусіз қабылдайды. Мысалы, бұған дейін тапсырыс беруші тексерілген тігін ательесінен тауарларға тікелей тапсырыс бере алатын болса, енді біздің өңірде сұранысқа ие киім, ұлттық, сахналық, арнайы костюмдер және басқа да тауарларды тігу бойынша қызметтерді сатып алу кезінде алыс, іргелес емес өңірлердің кәсіпкерлері жеңімпаз атанады. Киім тігу қызметі жеке таңдауды, міндетті түрде өлшеуді, сигнал үлгісін тігуді және жеңімпазды сәйкестендіруді талап ететін кәсіп. Тауарды жеткізгенге дейін тапсырыс берушінің орналасқан жеріне бірнеше рет келу керек. Тапсырыс беруші алыста болғандықтан жоғарыда аталған шаралар ұзаққа созылады, кей жағдайда мүлде жүргізілмейді. Сапасыз қызмет көрсетіледі. Сапасыз қызмет алған тапсырыс беруші олқылықтарды өзі реттеуге мәжбүр болады, бұл қосымша қаржылық шығынға апарады», – деп мәлімдеді Екатерина Жукова.

Облыстағы микробизнесті қолдау мақсатында Өңірлік палатаның сарапшылары «Мемлекеттік сатып алу кезінде әлеуетті өнім берушілер мен жеткізушілерге қосымша талаптар белгіленуі мүмкін жекелеген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтердің тізбесіне» мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде шекті мәнді белгілей отырып, жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіретін киім тігу жөніндегі қызметтер көрсететін жеткізуші үшін қосымша талаптарды енгізу жөнінде ұсыныстар енгізуді сұрайды.

 «Бұл ретте тапсырыс беруші тарапынан бұл әрекет міндет емес, құқығы болады. Сонымен қатар лот құны мың еселенген АЕК-тен асатын болса, сатып алуға барлық әлеуетті жеткізуші қатыса алатын болады. – деп атап өтті Ақмола облысы ӨКП директоры Ерқанат Мұсылманбек. – Бұл мәселе Съезд қатысушыларының қызығушылығын тудырды, қазіргі кезде сұрақ Ұлттық палатаның салалық департаментінің қарауында жатыр.

 Ақмола облысында жеңіл өнеркәсіп саласында 17 кәсіпорын мен өндіріс жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде ірі кәсіпорындар: «Асыл Арман» ЖШС, «Самхат» аяқ киім фабрикасы» ЖШС (былғарыдан аяқ киім өндірісі), «Диас» тігін фабрикасы» ЖШС.

 2020 жылы өңірдегі осы саланың барлық кәсіпорны Ақмола облысының жеңіл өнеркәсіп қауымдастығына бірікті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер