astana-view

Маңғыстауда ауыл кәсіпкері араша сұрайды

2022 жылғы 18 Қараша
- Маңғыстау облысы
5224 просмотров

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасында өткен бизнес өкілдерін қабылдау шарасына Мұнайлы ауданының іскері Әбдірахман Сабыров келді. Ол 5 жылға жуық әділдік таппай шарқ ұрып жүр.

2005 жылы Ақтау - Жаңаөзен тас жолының 60-шақырымында жүк көліктерінің жүргізушілері мен жолаушыларға арналған дәмхана ашады. Жарық пен коммуникация желілері тартылған жерде кәсібін дөңгелетіп жүргізеді. 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 2018 жылы көрші кәсіпкер оның электр желісіне қосылып, бірге пайдалануды сұрайды. Қарсылық білдірмей, көршіні қолдаған әрекетім қиындық әкелді деп қиналды кәсіпкер. Көп ұзамай көрші іскер негізгі тұтынушының жарығын қиып тастаған. Содан бері электр қуатын қостыра алмай әлекке түсіп жүр. 4 жылдан астам уақыт әлімжеттік көрсетіп келген іскерге қатысты әділдік сұрайды.

«Ол кәсіпкер бірінші менің тұтынып отырған желіме қосылды. Сөйтіп мені далада қалдырып отыр. 4 жылдан асты қақпаған есігім, бармаған құзырлы орган қалмады. Алған жауабым біреу- «сотқа жүгіну керек». Сотқа бергенімде істі көршімнің пайдасына шешіп берді. Мен сот шешімімен келіспеймін. Жағдайды толық зерттемей, атүсті шешім шығарды. Қарсы жақтың құжаттары жалған екенін ескермеді. Барлығы өткен мерзіммен толтырылған. Оған дәлелім де бар. Маған әділдіген шешіп, дәмханама жарық қосып беруді сұраймын»,- дейді Әбдірахман Сабыров.

Кәсіпкерлердің құқығы мен мүдделерін қорғау, мемлекеттік органдар тарапынан бизнес өкілдеріне келтірілген әкімшілік кедергілерді жою, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Қайрат Бәйгебаев мәселені оңтайлы шешу үшін тараптарды дөңгелек үстел басына жинауды ұйғарды. Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері іскерге жоғары сатылы сотқа жүгінуіне кеңес берді. Әрі онда заңды өкіл ретінде қатысып, қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер