astana-view

Ауыл шаруашылығы министрлігі күркетауықтың құс екенін ұмытқан секілді – отандық фермерлер

2022 жылғы 25 Қараша
8348 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялаудың жаңа жүйесін талқылау кезінде күркетауықтың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына жатпайтынын алға тартып,  күркетауық етін өндіруге қолдауды алып тастағысы келіп отыр. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы кәсіпкерлер жағдайға алаңдап, күркетауық өсіру тоқтап қала ма деп қорқады. Фермерлердің айтуынша, қолдау жойылса, күркетауық еті қымбаттап,  мемлекет импортты ұлғайтып алуы мүмкін. 

Фермерлер мәселені шешу үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінді. 

«Бұл мәселені, әсіресе, әлемдегі тұрақсыз геосаяси жағдай кезінде егжей-тегжей қарау керек. Ресейге қатысты санкциялар мен валюта бағамының күрт өсуі, логистикалық тізбектердің үзілуі құс шаруашылығына қажетті ресурстардың қосымша қымбаттауына және жеткізілімінің бұзылуына әкеп соқты», – деді Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов.

Спикердің айтуынша, көктемгі-жазғы кезеңде азық-түліктің қымбаттауы және оларды тасымалдау үшін вагондардың жетіспеушілігі бүгінде күркетауық кәсіпорындарының дамуына кері әсер етіп жатыр.

Күркетауық отандық нарықтағы жаңа өнім екеніне қарамастан, бірқатар кәсіпорын жобаны іске қосуға тәуекел етті. Мысалы, «Ордабасы Құс» ЖШС.

«Бастапқыда кәсіпорнымыз 2 мың тоннадай ет өндірсе, қазір өндіріс қуаты 10 мың тонна ет және күркетауық етінен 100-ден аса өнім түрін шығаруға мүмкіндік береді. Біздің компания өндіріске қомақты инвестиция құйып, қазірдің өзінде 500-ге жуық жұмыс орнын қамтамасыз етіп, салық төлеп отыр», – деді компанияның құрылтайшысы Сергей Терещенко.

Айта кетейік, «Ордабасы құс» ЖШС 2010 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген болатын. Құрылғанынан бастап компания инкубациялау, құс өсіру, толыққанды аралас жем өндіру, құсты сою және етін терең өңдеу, сондай-ақ қалдықтарды өңдеуді қамтитын тұйық, тәуелсіз өндіріс циклін құра алды. Бірақ биыл ресурстардың жетіспеушілігінен өндірісті алты айға тоқтатуға мәжбүр болды.
Бұдан басқа күркетауық Павлодар облысында да өсіріледі.  

«Біздің кәсіпорын мемлекеттің қолдауын алмай өз қаражатына іске қосылды және 150 жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр. Бізге қажет жалғыз нәрсе – күркетауық етін өндіру құнын арзандатуға субсидия. Ауыл шаруашылығы министрлігі күркетауықтың да құс екенін және бұл сала мемлекеттік қолдауды қажет ететінін ұмытып кеткен сияқты», – деді «Turkey PVL» ЖШС басшысы Ербол Досыбаев.

Кәсіпкердің айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі диалог құрмайды, осыған байланысты кәсіпорын бұған дейін ісі өрге баспаған «Қызылжар Құс» ЖШС-ның «тағдырын» кешеді деген алаңдаушылық бар.

«Көптеген елдің фермерлері мемлекеттік қолдаусыз төмен рентабельділікке шағымданатынын және жабық есікті қағудың қажеті жоқ екенін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ескерткім келеді. Әсіресе, қазір азық-түлік мәселесі басым болып тұр», – дейді кәсіпкерлер.

Фермерлер Ресейдегі құс шаруашылығының дамуын мысал етіп салыстырды. Көрші мемлекетте елдің құс шаруашылығы өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыру және Тюмень облысында күркетауықтың генетикалық материалының импортына тәуелділікті азайту мақсатында құс шаруашылығы іске қосылды. Өндірістің арқасында онда 200 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Сондай-ақ, «Агрифуд Стретеджис» агенттігінің мәліметінше, 2021 жылы Ресей Федерациясында жаһандық және ұлттық деңгейде өндіріс құнының рекордтық өсуі және эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына қарамастан, күркетауық шаруашылығы – мал шаруашылығының ең қарқынды дамып келе жатқан саласына айналды. Ресей күркетауық етін өндіру көлемі бойынша әлемдік лидерлердің бестігіне кірді. Өндіріс көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 23%-ға өскен.

Ал, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің аграрлық саланы дамыту жөніндегі тәсілдері мақұлданған жағдайда, керісінше, импортты ұлғайту қаупі бар.

«Қазақстан 2021 жылы 167,2 млн долларға 168,5 мың тонна құс импорттады. Мемлекеттік қолдаудың күшін жою осы өнім импортының көлемін ұлғайтуға және республикадан қаражаттың сыртқа кетуіне себеп болады», – деп есептейді ҰКП сарапшысы Әсем Серікбекова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер