astana-view

Ұлттық палатада McDonald's компаниясын отандық өніммен қамтамасыз ету жұмыс тобының отырысы өтті

2022 жылғы 21 Желтоқсан
7205 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында кәсіпкерлерге Food Solutions KZ (McDonald's Қазақстан) ЖШС-ның отандық азық-түлік жеткізушілерге қойылатын талаптары онлайн талқыланды.

Отандық өндірушілер бұған дейін McDonald's Kazakhstan компаниясына азық-түлік жеткізуге дайын екенін мәлімдеген. Екі тараптың жұмысын жеделдету мақсатында Ұлттық палата жанынан жұмыс тобы құрылды. Оған Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев жетекшілік етеді.

«McDonald's Kazakhstan компаниясын отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс тобы құрылған болатын. Соның аясында жиналып отырмыз. Компания біздің нарықта белсенді қызмет атқарады. Бүгін жиынға негізінен сүт өндірушілер, құс, ет өңдеуші қауымдастықтарды шақырдық. Кәсіпкерлер McDonald's Kazakhstan тарапынан өндірушілерге қойылатын талапты, мөлшерді білгісі келеді. Екіжақты ұзақмерзімге жоспарланған келісімшарт болады деген үміттеміз», – деп бастады жиынды Ербол Есенеев.

Бүгінде McDonald's Kazakhstan компаниясының 24 мекемесі еліміздің бірнеше қаласында қызмет етіп, 1800-ге жуық адамды жұмыспен қамтыған. Компанияның сапа жөніндегі аға менеджері Гүлжазира Қуанғали өнімге қойылатын талаптарды баяндады.

«Қазақстанда азық-түлік өндірушілер көп, тек барлығы бірдей азық-түлікке қойылатын халықаралық талаптардың бәрін біле бермейді. Халықаралық стандарттар өнімнің қауіпсіз екеніне кепілдік береді. Осындай жаңа деңгейге көтерілсе қуанамыз... Біз әрбір жеткізушімен серіктес ретінде жұмыс істейміз. Яғни, өндірушілер өніміне сертификат аларда сатылардан өтетін болса, біз соның бәрінде қолдау көрсетеміз», – деп түсіндірді Гүлжазира Қуанғали.

Жиын барысында кәсіпкерлер нақты өз өнімдеріне қатысты талаптарды нақтылады. Сонымен қатар, олар кез келген уақытта компания өкіліне хабарласа алады.

Айта кетейік, бұған дейін Food Solutions KZ (McDonald's Қазақстан) ЖШС атынан компанияның бас директоры Әсет Машанов қазақстандық кәсіпкерлерге қазіргі геосаяси жағдай аясында жергілікті өнімді қабылдауды арттыруды ұсынды. Отандық өндірушілер халықаралық брендке қолдау көрсетті және импортты алмастыру бағытында ынтымақтастық орнатуға дайын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер