astana-view

Маңғыстауда сұйытылған газ бағасы тұрақты

2023 жылғы 11 Қаңтар
- Маңғыстау облысы
8982 просмотров

Бұрын белгіленген газ бағасын өзгеріссіз қалдыру туралы талап осы жылдың 30 маусымына дейін ұзартылды.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының көліктерге арналған сұйытылған мұнай газының бөлшек саудадағы бағасын реттеуді ұзарту туралы бұйрығы 2023 жылдың 9 қаңтарынан бастап күшіне енді.

Шекті баға бөлшек саудада әр өңір үшін жеке белгіленді. Маңғыстау облысында сұйытылған газ литріне 50 теңге, шалғай аудандарда бұдан 5 теңгеге қымбат.

«Өткен жылдың қаңтарындағы оқиғалардың басты себептерінің бірі – сұйытылған газ құнының күрт өсуі болғаны бәрімізге мәлім. Қиын шақта Өңірлік кәсіпкерлер палатасы бірнеше рет билік пен кәсіпкерлерді бір үстел басына жинап, диалогқа шақырды. Облыс тұрғындары газ бағасын литріне 120 теңгеден 50 теңгеге дейін төмендетуді сұрады және талап қанағаттандырылды», – деп атап өтті Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аманат Махмұтов.

Бағаның күрт өсуі сұйытылған мұнай газын электрондық сауда алаңдарында сатуға байланысты болды. Бөлшек сауда жасаушылар үшін газды сатып алу қиынға соқты. Салдарынан тұтынушыларға уақытылы жетпей, тапшылық туындады.

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік субъектілерін қорғау мақсатында баға өсімінің мәселесін шешу және көгілдір отын тапшылығын жою үшін белсенді атсалысты. Сондай-ақ, палатаның Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп атқарған белсенді жұмысын да атап өту қажет. Департамент қызметкерлері сауда-саттықты ұйымдастырушылар және олардың жосықсыз қатысушыларының жұмыс жүйесін тексерді. Қылмыстық іс қозғап, тергеу нәтижелері бойынша кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды.

«Қазір сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілері оны өндірушіден делдалсыз сатып алады. Әрі Үкімет реттейтін бағалар бойынша түпкілікті тұтынушыларға өткізеді. Бүгінде аймақта сұйытылған мұнай газын қамтамасыз ету жағдайы тұрақты», –  деп түйіндеді сөзін  Аманат Махмұтов.  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер