astana-view

Әйелдер кәсіпкерлігі қосымша ынталандыруды қажет етеді – Ұлттық палата

2023 жылғы 16 Қаңтар
6128 просмотров

Астанада «Атамекен» ҰКП Төралқасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің жиыны өтті. Жиын барысында әйелдер, өңірлік кеңестердің басшылары 2022 жылғы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту қорытындысы, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының нәтижесі туралы есеп беріп, осы жылға арналған жұмыс жоспарын жасады.

Қарағанды облысы бойынша өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлия Жәңгірованың айтуынша, әйелдерде жеке бизнесін ашу кезінде негізгі мәселесі – цифрлық сауаттылықтың болмауы.

«Коучтар, менторлар, тәлімгерлер – біз цифрлық сауаттылыққа деген қажеттілікті анықтадық. Біздің алғашқы қадамымыз – ІТ-хабпен коллабарацияны іске асыру. Қазір біздің қыз-келіншектер қайтырымсыз негізде цифрлық білім алып жатыр», – деді Гүлия Жәңгірова.

Сондай-ақ, спикер әйелдер кәсіпкерлігі жылдар бойы кәсіпкер әйелдердің әлеуетін біріктіріп, қыз-келіншектердің мүмкіндіктерін іскерлік ортада жандандыруға күш салғанын атап өтті.

«Мен төрайым ретінде жұмысты бастаған кезде менде тек үш адам болды. Қазір біздің қыздар Кеңес беру-ақылдасу органдарына кіреді, қаланың қоғамдық кеңесінің мүшелері. Олар қала және облыс әкімдерінің гранттарын бөлу жөніндегі комиссияға қатысады. Біз жай ғана жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Біз бизнес-мәдениет, әйелдің репродуктивті денсаулығы және дәстүрлеріміздің жандануы туралы айтып отырмыз. Біз қазір Қолөнершілер үйімен жұмыс істеп, оған үлкен сұраныс барын көріп отырмыз», – деді Гүлия Жәңгірова.

Сонымен қатар спикер әйелдер кәсіпкерілігін қосымша ынталандыру мәселесін көтерді. 

«Әйелдерді жеңілдікпен несиелеу бойынша көбірек мүмкіндік болғанын қалаймыз. Қазір 2,5 пайызбен несиелеу бар. Әйелдер осы жобаға қатысқысы келеді. Гендерлік қатынаста теңгерімсіздік бар, сондықтан әйелдер кәсіпкерлігі туралы заң әзірленсе дейміз», – деп атап өтті Ақтөбе облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күлпаршын Айдарханова.

Жиынды қорытындылай келе, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов барлық айтылған позицияны назарға алатынын атап өтіп, атқарған жұмысы үшін әйелдерге алғысын білдірді.

«Сіздер айтқан барлық ұсынысты біз, әрине, назарға аламыз. Сонымен қатар, бізде әзірленген және дәлелденген әдістеме бар. Енді, біз оны пысықтап аяқтайтын болсақ, жұмыс жандана түседі деп ойлаймын. Бұл бағытта белгілі бір өңірлерге назар аудару қажет деп санаймын. Астана, Алматы облысы, Шымкент, батыс өңірі – осы өңірлерде әйелдер кәсіпкерлігіне биыл еселей түсу керек нақты үлгілерге назар аудару қажет», – деді Райымбек Баталов.

Қазіргі кезде Кеңестің активінде ел ауқымында болат өндіруден бастап сұлулық салондарына дейін 15 салада жұмыс істеп жатқан 1800-ге жуық кәсіпкер әйел бар. Олардың кейбірі бизнеске Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарындағы оқу арқылы келді. Статистикаға сүйенсек, өткен жылдың нәтижесі бойынша Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарына бизнесті жүргізуді үйрену бойынша кеңес алу үшін бүкіл Қазақстан бойынша 8,7 мыңнан астам әйел жүгінді. Олардың басым бөлігі елорда, Маңғыстау және Қарағанды облыстарының тұрғындары.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер