astana-view

Маңғыстаулық 300 жүк тасымалдаушы бір бұйрықтың салдарынан жұмыссыз қалды

2023 жылғы 19 Қаңтар
- Маңғыстау облысы
7520 просмотров

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 1 шілдедегі №378 жаңа бұйрығына сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жүк тасымалдау ережелері өзгерді. Бұрын Қазақстан аумағына жүктi жөнелту немесе межелi пунктi болып саналмайтын елдiң аумағына жүктi ауыстырып тиеу арқылы үшiншi елдерден жүк тасымалдау рұқсат болған жағдайда жүзеге асырылып келді. Енді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген тасымалдаушылар үшін жүкті тиегіштермен тасу тоқтатылды. Оның салдарынан қазақстандық 300 тасымалдаушы жұмыссыз қалуы мүмкін. Мұндай уәжді кәсіпкер Маңғыстаудағы кәсіпкерлер палатасының алаңында көтерді.

Мәселенің мәні былай: бұған дейін түрікмен шекарасынан жүк тиелген прицепті емін-еркін өз көліктеріне тіркеп, тасып жүрген ЕАЭО елдерінің тасымалдаушыларына тыйым бар. Оның зияны қазақ тасымалдаушыларына да тиді. Олар бұрынғыша жүкті шекарада емес, Түрікменстан аумағына өз көліктерімен кіріп, қазақстандық прицепке тауарды тиеп шығуы тиіс.

 «Олардың негізгі жұмыстары – «Темір баба» кеден бекеті арқылы Түрікменстан тауарларын Ресей мен Қазақстанның өзге өңірлеріне жеткізу. Аталмыш бұйрық салдарынан 300-ге жуық жүк тасымалдаушы жұмыссыз қалды. Іскерлер жиналып, мәселені шешуге ықпал етуді сұрады. Кәсіпкерлер палатасы құзырлы органдарды шақырып, мәселені тездетіп шешу үшін дөңгелек үстел ұйымдастырып отыр», – дейді ӨКП жанындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлық қарсы күрес кеңесінің төрағасы Әмірғали Жанаев.

Кәсіпкерлердің проблемасын тыңдауға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көлік комитетінің басқарма басшылары, Халықаралық автомобиль тасымалдаушылар одағының өкілдері, Маңғыстау облысының көлік прокурорлары, көліктік бақылау инспекциясы мамандары жиналды.

Көлік жүргізушілері кедергілерді ашық айтты. Көрші елге кіріп-шығудың өзі аса қиын. Көптеген төлемдер мен құжатбастылық шығын әкеліп, уақыт алатынын алға тартты. Бұйрыққа мораторий енгізуді сұрады.   

«Министрлікке бірнеше рет хабарластық. Біз көліктерімізге түрікмен жүк тіркеуішімен Ресей және Беларусқа еркін өте аламыз, рұқсат бар. Мәселе қазақ жерінде жүре алмауымызда болып тұр. Түрікмендерге жалынып машинасын 100 долларға айдап, ол жақтан тиеген көкөніс пен жеміс-жидекті Ақтауға базарға әкелеміз. Біз тасымалдан қиындық көрген соң, өңірде баға да шарықтап кетті. Көліктеріміздің алды 20 жыл, соңы 10 жыл болды. Түрікмен жеріне кіріп, қазақстандық жүк тасымалдаушылардың шығуы өте қиын. Олар өз тасымалдаушылардың мүддесі үшін, бізге талапты қиындатып, жолдарының сапасы нашар болғанына қарамастан, әр шақырымына қымбат төлемдер алады. Көліктерімізге JPS қондырғысын орнатып, сапарымызды қатаң бақылауда ұстайды. 2023 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген автокөлікпен жүк тасымалдау ережелері бізді жұмыссыз қалдырады», – деді кәсіпкер Марат Найзабеков.

Олардың айтуынша, жаңа ережемен жергілікті тасымалдаушыларға қиындық туғызбай, керісінше, шетелдік жүк тасымалдаушыларға бақылауды күшейту қажет. Еуропалық санкцияларды айналып өтуі үшін бір шетел кәсіпкері 150 көлікке дейін тіркеп, нанымыздан айырып отыр деген олар бірнеше ұсыныс айтты.

Алдымен жүк тасымалдау мәселесін кешенді түрде шешу қажет.

«Түрікмен жүк тіркегішімен тасымал жасауға рұқсат беру керек. Екі ел арасында жасалған халықаралық келісімге қазақ кәсіпкерлерінің мүддесін қорғайтын өзгеріс енгізуді ұсынамыз. Мәселен, біздің өңір арқылы сапалы жолдарымызбен тегін жүреді, арзан жанар-жағар майымызды қолданады. Біз түрікмен көліктерін 100 долларға жалдап тауар алып шығамыз, сосын кері қарай сол транспортты шекараға апарып тастаймыз. Қаншама уақыт, қаншама шығын? Түрікмен прицепімен қазақ жеріне жүргеніміз үшін 30 АЕК, яғни 104 мың төлем жасаймыз. Транспорттарды жаңарту үшін елімізде шығарылмайтын жүк көліктерінен 3-5 жылға дейін түрлі баж, кедендік төлемдерінен босатуды сұраймыз», –  дейді іскерлер.

Сондай-ақ, жүргізушілер Жаңаөзен – Темір баба – Тасқұдық жолына асфальт төсеу қажет екенін қосты. Қара жол көліктерді шаршатқан. Олар шетелдік жүк тасымалдаушылар үшін Жаңаөзен – Жетібай – Бейнеу – Атырау – Орал тас жолдарын ақылы қылуды да ұсынды.

Басқосу соңында мәселе бір апта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде қаралып, қорытынды жасалатын болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер