astana-view

Павлодарлық «Атамекенде» кәсіпкерлерге жалға алған су қоймаларының маңындағы жерлерді жалға беруді ұсынды

2023 жылғы 26 Қаңтар
- Павлодар облысы
6393 просмотров

Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасында облыстың балық өсіру шаруашылықтарының, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы, сондай-ақ, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы өкілдерінің қатысуымен «Атамекен» ӨКП-ның агроөнеркәсіп кешен комитетінің отырысы өтті.

Агроөнеркәсіп кешеніне қарасты балық шаруашылығы секторының меңгерушісі, кәсіпкер Әділжан Рахышев кәсіпкерлерге жер телімдерін жалға беру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет кәсіпкерге су қоймасын пайдалануға бергенде онымен көл жағалауы аймағынан 150 метрге дейінгі радиуста жерді жалға беруі керек.

«Әріптесіміздің айтуынша, бұл балық шаруашылығына шаруашылық, тұрғын үй және балық өңдеу цехтарын орналастыру үшін қажет. Жер учаскелері аукциондарда беріледі, бұл аукциондар ашық. Бірақ, балық өсірумен айналысатын мүдделі субъектіде учаске алу құқығынан айырылып қалу қаупі жоғары, өйткені бұл жерге басқа шаруашылық талап ете алады», - деді Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жомарт Сембаев.

Шаруа, Қайрат Әбзулдинов, су қоймасын жалға беру шартын жасаса, көлдің айналасындағы жерді жалға беруді де сол құжатта бекітуді ұсынды. Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Сағын Төлеутаев қазіргі таңда басқарма тарапынан жалға алынған көлдердің айналасына ені 35-50 метрлік жолақтар мен 50-500 метрлік су қорғау аймақтары жасалып жатқанын атап өтті. Су Кодексіне сәйкес, бұл белдеулердегі аумақтарды балық шаруашылығынан басқа мақсатта пайдалануға тыйым салынады. Бірақ сонымен бірге, шын мәнінде, кейбір көлдердің айналасындағы аумақтар қазір жайылымға бекітілген. Баянауыл ауданындағы Жарлыкөл көлін пайдаланушы осындай мәселеге тап болды: су қоймасының айналасындағы жердің барлығы шаруа қожалықтарына тиесілі болғандықтан, балық өсіруші шаруада мәселе туындайды.

Балық шаруашылығының тағы бір мәселесі ол – өздері жалға алған су қоймаларында бөтен малды рұқсатсыз суару. Бұл ауыл шаруашылығы жануарларынан адамдарға түрлі аурулардың таралу қаупін тудырады. Жиында балық өсіру шаруашылығына бекітілген көлдердің айналасынан мал суару орындарын құруға жергілікті бюджеттен қаржы  бөлу туралы ұсыныс жасалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер