astana-view

Кедендік тексеру жөніндегі апелляциялық комиссия кәсіпкерге миллиардқа жуық теңгені сақтап қалуға көмектесті

2023 жылғы 13 Ақпан
6073 просмотров

2022 жылдың қорытындысы бойынша ҚР Қаржы министрлігі жанындағы Апелляциялық комиссия кедендік дауларды қарау кезінде 17 іс бойынша бизнестің пайдасына оң шешім шығарды. Оң шешілген істердің жалпы сомасы 950 млн теңгені құрады. Комиссия жұмыс істеген уақыт ішінде 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың 341 шағымы қаралды. Олардың барлығы мемлекеттік кірістердің аумақтық органдары жүргізген кедендік тексерулердің нәтижесіне шағым түсірген. Апелляциялық комиссия көмегімен сақталған қаражаттың жалпы сомасы 67,7 млрд теңгені құрады.

Салық және кеден дауларын қарау жөніндегі апелляциялық комиссия «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ҚР Қаржы министрлігінің жанынан құрылды. Жұмыстың негізгі мақсаты – тауарларды шығарғаннан кейін кедендік бақылау нәтижесіне шағымдану кезінде мүдде қақтығысын шешу. Бұған дейін мұндай шағымдар сот арқылы немесе кеден жүйесінің ішінде қаралған. Сндықтан мұндай сотқа дейінгі апелляцияны сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тәуелсіз деп қабылдамады және бизнес ортасында таныла қоймады.

«Атамекен» ҰКП кедендік әкімшілендіру департаментінің басқарушы директоры, комиссияның мүшесі Дина Мамашеваның айтуынша, шағымдарды шешудің басты артықшылығы – мүдде қақтығысының болмауы. Дауды шешудің бұл тәсілінде позицияны бағалау бар, сонымен қатар  кәсіпкер проблемаларды талқылауға өзі қатыса алады.

«Біздің сарапшыларымыз әр шағым бойынша ауқымды сараптамалық жұмыс жүргізеді. Тексеру актілерінде заңсыздықтың белгілері анықталса, біз кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау үшін Ұлттық палатадан негізделген позиция дайындаймыз. Осындай тәсілдің нәтижесінде 129 шағым бойынша кедендік тексеру актілері заңсыз деп танылды. Бизнестің пайдасына шешілген ақшалай қаражаттың жалпы сомасы 12,9 млрд теңгеден асты», –деді Дина Мамашева.

Спикер, сондай-ақ Ұлттық палата Қаржы министрлігіне бизнестің пайдасына қорытынды жіберген 36 жағдайда бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды мемлекеттік кірістер органдарының өздері комиссияда қаралғанға дейін кері қайтарып алғанын атап өтті. Оның себебі – жүргізілген тексеру актілерінің сапасыздығы және аумақтық органдардың лауазымды тұлғалары жасаған қорытындылардың дәрменсіздігі.

Осылайша, «Атамекен» ҰКП-ның қорғауы арқылы сотқа дейінгі апелляция шеңберінде 14 миллиард теңгеге 165 шағым (48%) бизнестің пайдасына шешілген. Бұл «тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау» бойынша өтініштердің жартысын құрайды. Шағымдардың басым бөлігі Астана, Алматы қалалары, Маңғыстау, Алматы және Павлодар облыстарының Мемлекеттік кірістер органдарынан тексерушілердің әрекеттеріне қатысты келіп түскен.

«Жұмыстың нәтижесін байқап отырмыз. Камералық тексеру жүргізгенде қағидаларды бұзу фактісі азайды, ал тексеру актілері сапалы жасалатын болды. Алайда, дәлелдемелердің жеткіліксіздігі, тексеру мерзімдерінің сақталмауы, артық қосымша тексерулер сияқты мемлекеттік кірістер органдары тарапынан осындай кемшіліктерді жою бойынша жұмысты одан әрі жалғастыру керек.  Бұл ретте, бизнес үшін ең бастысы, сотқа дейінгі апелляция кедендік тексерулер бойынша ғана емес, кедендік бақылаудың басқа нысандары бойынша да нормаға айналуы тиіс. Міне, осылайша біз «таза парақтан реттеу» аясында нақты жұмыс істеп жатырмыз», – деп бөлісті Дина Мамашева.

Спикер жоғарыда аталған проблемаларды жою СЭҚ қатысушыларына әкімшілік қысымды едәуір төмендетуге және осы бағыттағы мемлекеттік кірістер органдарының жұмысын жақсартуға мүмкіндік беретінін айтты.

 

 

 

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер