Тауардың шығу тегі туралы сертификаттар мен индустриялық сертификатқа өзгеріс енгізу қажет – Райымбек Баталов
СТ-KZ формасындағы сертификат және индустриялық сертификат реформалауды қажет етеді. Кәсіпкерлерді өндірісті тереңірек өңдеуге және локализацияға ынталандыратын өзгерістер керек. Мұндай пікірді «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов айтты.
«СТ-KZ формасындағы сертификат пен индустриялық сертификатқа өзгеріс енгізу қажет екені туралы айтып отырмыз. Мысалы, екі өндірісті алайық: бірінде локализация тереңдігі шартты түрде 50-70%-ды құрайды, екіншісінде небәрі 10%. Ұлттық палата екеуіне де сертификат беруге міндетті. Өйткені олар сертификат беру талаптарына сәйкес келеді», – деді палата басшысы.
Райымбек Баталов мұндай тәсіл тиімді болғанын атап өтті.
«Қазір өндірушілердің өнімді терең өңдеуге және өндірісті локализацияға ынталандыратын өзгерістер қажеттігін көріп тұрмыз», – деді ол.
Жақын арада Ұлттық палата нарыққа талқылау үшін ұсыныстар жіберетін болады. Қазіргі кезде кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізіліп жатыр.
«Бірақ бұл – егжей-тегжей талқылауды қажет ететін күрделі де түйткілді мәселе. Өйткені бизнес тарапынан сертификаттауға қатысты көп сұрақ, наразылық барын, сот даулары болып жатқанын білеміз», – деді Райымбек Баталов.
Төрағаның айтуынша, палата көптеген тәсілді Мемлекет басшысы айтқан әділеттілік қағидаты арқылы жүзеге асыруы тиіс.
Ұлттық палатаның дерегіне сәйкес, 2022 жылы СТ-KZ сертификаттарын 3,2 мыңнан астам кәсіпкер алды, индустриялық сертификат 169 кәсіпкерге берілді.
Еске салайық, бұған дейін үш өңірде тауардың шығу тегі туралы сертификаттар мен индустриялық сертификат беру қызметі жүзеге асырыла бастағанын хабарлаған болатынбыз.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: