astana-view

Ұлттық палатада «Жайлы мектеп» жобасына конкурстық құжаттама мәселелері талқыланды

2023 жылғы 16 Ақпан
8049 просмотров

Дереккөз: liter.kz

ҰКП алаңында салалық бизнес, Ұлттық палата және «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілдерін тарта отырып, «Жайлы мектеп»  жобасы бойынша  диалог өтті. Күн тәртібінде – ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде 173 мектептің құрылысы мен жобалауына кешенді жұмыстарды сатып алу бойынша конкурстық құжаттама мәселесі талқыланды.

Кәсіпкерлер конкурс шарттарымен танысқан соң, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысу үшін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ біліктілік талаптарында отандық бизнес үшін іс жүзінде орындау мүмкін емес талаптар қойғанын мәлімдеді.

Мысалы, 1-санаттағы лицензия алу үшін қызмет жеткізуші осы жылды қоса алғанда соңғы бес жылда жалпы ауданы 75 000 шаршы метрді құрайтын әлеуметтік нысан салғаны талап етіледі.

Бұл ретте қолданыстағы заңнамада «әлеуметтік объект» ұғымы қарастырылмаған. Осыған байланысты қандай критерийлер негізінде есептеу жүргізілетіні туралы түсінік жоқ.

«Кітапханалар, мешіттер, мұражайлар, әуежайлар, вокзалдар, ауруханалар және басқа да көптеген нысан бар. Біз оларды осы тізімге енгізу керек деп санаймыз. Бұл күрделілігі бірдей санаттағы объектілер. Сол мұражай, сол кітапхана әлеуметтік объекті болып саналады», – деп санайды «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Аңсар Сейсекеев.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ құрылыс және пайдалану жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Ғабит Малғаздаровтың айтуынша, қазіргі кезде конкурстық құжаттамаға толықтырулар енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.  Пайдалануға берілген көппәтерлі тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандардың ауданы бойынша жұмыс тәжірибесінің болуы талқылауға жатады.

«Біз әлеуметтік объектілерді өзгертпейміз, қалдырамыз. Біз ұғымдық аппаратты кеңейттік. Мұражайлар, мешіттер, кітапханаларды қосу туралы ұсынысты қарастырамыз», – деді Ғабит Малғаздаров.

Сондай-ақ, ҰКП мамандарының әлеуетті өнім берушіде ағымдағы сот талқылауларының болмауы талаптарына қатысты ескертулері қабылданды. Бұл да компаниялардың конкурсқа қатысуын шектейді. Өйткені, сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін шағымдарға қатысу жеткізушіде қандай да бір берешектің немесе талаптардың болуын растамайды.

Қазақстанда импортталатын құрылыс материалдары мен жабдықтарын сатып алатын құрылыс салушыларға айыппұл санкцияларын қолдану мәселесі әзірге ашық күйінде қалып отыр. Еске салсақ,  бұған дейін Ұлттық палата осындай айыппұлдарды енгізуді бастамалаған болған.

Келіссөздер нәтижесінде бірқатар маңызды мәселе бойынша келісімге қол жеткізілді. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ қазақстандық өндірушілердің пайдасына кейбір өзгерістерді қарастыруға және енгізуге дайын.

Еске салсақ, 10 ақпанда «Samruk-Kazyna Construction» АҚ ұлттық жобаны іске асыру жөніндегі бірыңғай оператор ретінде өзінің онлайн сатып алу платформасында конкурс тәсілімен конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылау туралы жариялады. Талқылау 15 ақпанға дейін 5 жұмыс күнге созылды.

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер