astana-view

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары дамудың жаңа серпінін күтеді

2023 жылғы 21 Ақпан
6191 просмотров

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында ҚР-да жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар саланы дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Бұл ретте министрлік отандық өндірістерді middle және mass нарықтарына шығуға ынталандыру жөнінде шаралар ұсынып отыр.

Жиынға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, салалық қауымдастықтар мен отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

ҰКП басқарма мүшесі Нұрлан Сақуов салада көптеген маңызды проблема барын атап өтіп, оларды шешу үшін Ұлттық палата алаңында арнайы топ құруды ұсынды.

 Бұдан әрі ИИДМ жеңіл өнеркәсіп басқармасының басшысы Айжан Әділова өткен жылғы саланың негізгі көрсеткіштері және алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы айтты.. 2022 жылдың 9 айында еліміз бойынша осы салада жұмыспен қамту 27,2 мың адамды құрады. Өткен жылдың 11 айында экспорт көлемі 81 млн АҚШ долларын құрады.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6%-ға өсіп, 178 млрд теңгені құрады. Өсім барлық кіші салаларда байқалады: тоқыма бұйымдарын өндіруде – 5,3%, киім өндіруде – 7,8%, былғары және оған қатысты өнімдер өндірдіріс – 3,7%-ға өскен», – деп атап өтті Айжан Әділова.

Ол сондай-ақ саланы дамытудың негізгі бағыттары отандық өндірістерді middle және mass нарықтарға шығуға ынталандыру шараларын ұсынатынын айтты. Ол үшін шетелдік мамандарды тарту және өз мамандарын оқытуды субсидиялау, жеңіл өнеркәсіп мамандықтары бойынша колледждердегі орындар санын ұлғайту жөніндегі шаралар қаралады. Бұл ретте, бизнестің басқа да ұсыныстарын қарастыруға дайын екенін атап өтті.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының құрылтайшысы Наталья Ахшабаева саланың дамуына кедергі келтіретін басты себеп – жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту мәселелеріне кешенді көзқарастың мемлекеттік стратегиясының болмауы деп санайды.

«Сіз бен біз (мемлекеттік органмен) әзірлеген кешенді даму жоспарын жинап, талдауымыз керек. Бізде даму стратегиясы бар, оған кешенді жоспар мен жол жоспары бар. Бірлесіп, осы жоспарға баруымыз керек. Сондықтан жағымсыз салдарды жою мақсатында жеңіл өнеркәсіпті дамытудың ұзақ мерзімді перспективаға арналған жаңа мемлекеттік стратегиясын қабылдау талап етіледі», – деді Наталья Ахшабаева.

Сондай-ақ, жиын барысында мектеп формасының жаңа стандарттарын әзірлеу мәселелері талқыланды. Республикада мектеп формасы нарығының сыйымдылығы шамамен 3,7 млн  бірлікті құрайды. Бұл ретте республикада небәрі 226,0 мың бірлік өндіріледі. Көлеңкелі айналым мектеп формасының 2,9 млн бірлігін құрайды. Көлеңкелі айналыммен күресудің бір жолы – мектеп формасының стандартын бекіту. Бұл бағыттағы жұмыс ҚР Білім министрлігімен бірлесіп жүргізіліп жатыр.

«ҚР Білім министрлігі өз бұйрығымен стандарттарды бекіткеннен кейін отандық өндірушілер жабдық сатып алып, жаңа стандарт бойынша мектеп формасын өндіруге дайындалатынына сенімдімін», – деп атап өтті Наталья Ахшабаева.

Кездесу қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп мәселелерін, оның ішінде жоғарыда талқыланған мәселелерді жедел шешу үшін ҰКП Төралқасының қосалқы комитетін құру туралы шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер