astana-view

Ақмола облысында компания темір жолдарды пайдаланғаны үшін тарифтерді көтерді.

2023 жылғы 28 Ақпан
- Ақмола облысы
7421 просмотров

Бұл туралы Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Нұраби Төлеутай өңірлік палата алаңында өткен бизнес өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді.

Ақмола облысы бойынша ТДМ қызметкерлері «AsiaLogistic LTD» ЖШС басшылығына қатысты жылжымалы құрам үшін темір жол кірме жолы қызметтерін ұсынуға тарифтерді көтеру фактісі бойынша жүргізген тергеу бір жылға жуық уақытқа созылды. Компания Ақмола облысының аумағында 2019-2020 жылдар кезеңінде «Көлік Сервис орталығы» АҚ-дан сатып алынған кірме темір жолдардың иесі болып табылады.

Осы кезеңде компания кірме жолдарды пайдалану бағасын өз бетінше көтергені анықталды. Оның қызметтерін Ақмола облысының 200-ден астам кәсіпорны, оның ішінде өңірді әлеуметтік маңызы бар тауарлармен (азық-түлік тауарлары, газ, жанар-жағармай материалдары және т.б.) қамтамасыз ететін ұйымдар, сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындар пайдаланды.

Теміржол кірме жолдарының қызметтеріне жоғары тариф, сайып келгенде, түпкілікті тұтынушылар үшін белгілі бір тауарлардың бағасына әсер етті. Көптеген кәсіпорындар өз шығындарын сатылатын өнімге сауда үстемесін ұлғайту арқылы өтеуге мәжбүр болды. Мысалы, тек «Көкшетау Жылу» ШЖҚ МКК 2020-2021 жылдар кезеңінде кірме жолдар қызметі үшін 175 млн теңгеден астам сомаға шоттар қойылды.

«AsiaLogistic LTD» ЖШС-нің кірме жолдарды күтіп ұстауға тарифтік сметаның орындалуы туралы есебіне сәйкес олар теміржолды жөндеуге және қызмет көрсетуге 441 млн теңгеден астам қаражат жұмсаған. Жүргізілген жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары барысында компания темір жолдарды жөндеуге және күтіп ұстауға нақты қандай да бір ақша қаражатын бөлмегені нақты анықталды. Яғни, компанияның лауазымды тұлғалары кірме жолдарды ұсыну тарифін ұлғайту мақсатында оны ұстау шығындарын әдейі ұлғайтты», - деді Нұраби Төлеутай.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс аяқталды, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары одан әрі тергеу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілді.

Нұраби Төлеутайдың айтуынша, бүгінде бизнесті қорғау бойынша жұмыс жүргізілуде, жалпы бизнес-климатты жақсарту ведомство тарапынан белсенді түрде жүргізілуде.

«Кәсіпкерлер жүйеге айналған осы саладағы проблемаға бірнеше рет шағымданды. Компания өзінің нарықтағы үстем жағдайын пайдалана отырып, өңірлік кәсіпкерлік субъектілерінің дамуына кедергі келтірді, олар өз кезегінде өз тауарлары мен қызметтерінің бағасын көтеруге мәжбүр болды. Ақмола бизнесі атынан істің сәтті аяқталуына ризашылығымызды білдірейік», - деп түйіндеді Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер