astana-view

Қазақстанда тауарға ілеспе құжаттың күші жойылды

2023 жылғы 15 Наурыз
13348 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

Қазақстан ішіндегі тауарларға ілеспе құжаттың күшін жою туралы бұйрық ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. Бұйрық 10 күнтізбелік күннен кейін күшіне енеді. Енді сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының (СЭҚ ТН) 3,5 мың кодына СНТ және виртуалды қойманы қолдану жойылады. Он күннен кейін қазақстандық мыңдаған бухгалтер мен шағын және орта бизнес өкілдері тауарға ілеспе құжатты рәсімдеуден босатылады.

Бұл ретте  тауарға ілеспе құжатты рәсімдеу жөніндегі міндеттемелер әлі де акцизделетін тауарларға (алкоголь өнімі, мұнай өнімдері) және Қазақстан ішіндегі виртуалды қоймаға байланған қадағалану механизмі туралы келісім бойынша СЭҚ ТН-нің 11 коды (тоңазытқыштар) және виртуалды қоймаға байланыстырмай ЕАЭО елдеріне экспорт/импорт кезінде кейбір тауарларға қолданылады.

2023 жылғы 10 ақпаннан бастап тауарға ілеспе құжат тауарлардың жекелеген түрлері (дәнді дақылдар) бойынша ЕАЭО елдеріне экспорт, импорт кезінде рәсімделеді. Ал 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап қалған тауарлар бойынша рәсімделеді.

«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, Қазақстанда тауарға ілеспе құжатты енгізу басталғаннан бері бизнеске қажетсіз жүктеме тудырып, өнімдердің қымбаттауына және салық төлеушілердің жағдайының нашарлауына әкелетіні түсінікті болды.

«Бүгін жақсы жаңалықты естіп, қуандық. Екі жылдан астам уақыт бойы Ұлттық палата жүргізген жұмыс бекер болған жоқ. Біз Қазақстан ішіндегі тауарға ілеспе құжатты жоюға қол жеткіздік. Мұндай «шикі» пилоттық процестер жолға қойылмаған кезде, жүйеде техникалық қателер болғанда, ал ақпараттық жүйе тұрақсыз жұмыс істегенде мұндай жайт бизнесте орын алмауы тиіс екенін дәлелдедік. Өйткені бизнесте кез келген дұрыс емес қадам тауардың немесе қызметтің құнына әсер етеді. Мұндай пилоттық жобалардан тек бизнес қана емес, халық та зардап шегеді», – деп атап өтті  Райымбек Баталов.

 Еске салсақ, өткен жылдың 30 желтоқсанында ҚР Қаржы министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында тауарға ілеспе құжаттарды ресімдеу бойынша міндеттемелерді түбегейлі қайта қарау туралы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осылайша, екі ведомство 2023 жылдың 1 наурызына дейін тауарға ілеспе құжатты рәсімдеу жөніндегі міндеттемелерді қайта қарауға келісті.

«Екі  жылдан астам уақыт бойы бухгалтерлер мен кәсіпкерлер Тауарға ілеспе құжат пен виртуалды қойма пилоттық жобасының тауқыметін көрді.  Оның күші жойылғаннан кейін Қазақстан ішінде, ең болмағанда, тауарға ілеспе құжат бұдан әрі басқа тауарларға таралмайтынына және 1,5 млн кәсіпкердің әуре-сарсаңға түспейтініне қуаныштымыз. Қабылданған шаралар бухгалтерлердің жұмысын едәуір жеңілдетеді және кәсіпкерлердің шығындарын азайтады. Бұдан әрі импорт, экспорт кезінде тауарға ілеспе құжат формасын оңайлату бойынша жұмыс істеуге болады», – деді «Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы Берік Заиров.

Тауарға ілеспе құжаттарды ресімдеу жөніндегі пилоттық жобаны 2020 жылы Мемлекеттік кірістер комитеті енгізді. Бұл Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарлардың айналымын бақылауға және елдегі көлеңкелі экономиканы төмендетуге мүмкіндік беруі керек еді. Алайда, жобаның қорытындысы ілеспе құжаттың жұмыс істеуі бойынша процестер жолға қойылмағанын, оны ресімдеу бойынша ақпараттық жүйе тұрақсыз жұмыс істейтінін, техникалық қателер бар екенін көрсетті.

Осылайша, тауарға ілеспе құжаттарды енгізу салық төлеушілер мен салық органдары арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етпейді, фискалдық әкімшілендіруді қиындатады, кәсіпкерлік қызметті шектейді және бизнес пен мемлекеттің негізсіз шығындарына әкеп соғады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер