astana-view

«Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру-2» бағдарламасының олқылықтары анықталды

2023 жылғы 28 Наурыз
- Түркістан облысы
4620 просмотров

Түркістан облысы кәсіпкер палатасына Ескі Иқан  ауыл округінің шаруа қожалықтары атыннан «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру-2» (ПУИД-2) бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарының сапасы сын көтермейтіні туралы арыз түсті.

ИДЖЖ-2 – бұл негізінен «Ирригациялық дренаж жүйелерін жақсарту» жобасының 2 кезеңі. Ол Қазақстан Республикасы мен «Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі» (ХҚДБ) арасындағы 2014 жылғы 26 желтоқсандағы ҚР Заңымен ратификацияланған «Қарыз туралы келісімге» сәйкес іске асырылуда. Жобада судың сарқылуы мен жердің тозуының алдын алу, шаруашылықтардың кірістілігін арттыру, 20 мың ауыл тұрғынын жұмыс орындарымен қамтамасыз ету үшін мелиорациялық жағдайларды жақсарту бойынша қажетті инфрақұрылым мен институционалдық жағдайларды қалпына келтіру көзделген.

Палатаның мамандары ИДЖЖ-2 бағдарламасының жұмыс барысын саралап, мониторинг жасады.

«Көктемгі дала жұмыстарына суару жүйесі толық дайын емес екені белгілі болды. Шлюздар орнатылмаған, қойылған құбырлардың өткізу қабілеті аз болғандықтан, су тасып ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге зиян тигізіп отыр. Арналарда бетонның жарылуы және судың тасу есебінен судың жоғалуы байқалады», – деп атап өтті агроөнеркәсіп кешені маманы Нұрлыбек Боранбаев.

Палатаның ұйымдастыруымен Түркістан облысы «Қазсушар» РМК филиалы басшылары, Сауран ауданы «Фермерлер қоғамдастығының» төрағасы, «ИДЖЖ-2» мамандары, Ескі Иқан ауыл әкімшілігі, «Икан су» АӨК, Иқан а/о шаруалары қатысуымен кеңес отырысы өтті.

Жиын соңында көпір өткелін салуды, ішкі су жүйелері арналарына қаптау жүргізу және 2-санаттағы арықтармен қашыртқы арналар, коллекторлық жүйелерді, шлюздерді орнату, кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстарын  жобаға сәйкес толығымен  аяқтау «ИДЖЖ-2» мекемесі мен РМК «Қазсушар» басшылығына қамтамасыз ету жүктелді. Сонымен қатар, 10 мың көшет егілу жұмыстары «Қазсушар» РМК өкілдеріне жүктелді.

Агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы кемшіліктерді жойып, жұмыс сапасын жақсарту мақсатында екіжақты келісімге келіп, орындау мерзімдері белгіленгенін атап өтті.

«Жобаға сәйкес, 72 тік дренаж ұңғымаларды, ішкі су жүйелерін қалпына келтірумен шлюздерді орнатуды, өткелдерді, арықтар мен қашыртқы арналарды тазалауды  жобаны іске асырушы «Тунелль Садд Ариана» компаниясы мен облыстық «Қазсушар» РМК басшылығына «ИДЖЖ-2» бағдарламасын толығымен  аяқтауды қамтамасыз ету жүктелді», – деді Бақытжан Құралбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер