astana-view

Бизнес «Қазақстанда жасалған» бағдарламасын отандық өндірушілерді қолдаудың нақты шараларымен толықтыруға шақырады

2023 жылғы 30 Наурыз
5346 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінде «Қазақстанда жасалған» бағдарламасын әзірлеу шеңберінде отандық өндірушілерді қолдаудың өткір мәселелері бойынша кездесу өтті.

Кездесуге қатысушылар – азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша қауымдастықтар мен салалық одақтардың басшылары бағдарлама отандық өндірушілердің мүдделерін қалай қорғауы тиіс екендігіне қатысты өз пікірлерін айтып, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы неліктен өзінің қазіргі түрінде шалағайлықтан зиян шегіп отырғанын және кезекті бұрмалауға ұшырау қаупі бар деген алаңдаушылықтарымен бөлісті.

«Қазақстанда жасалған» бағдарламасын талқылау бүгін онлайн-форматта өтуде, қатысуға шақырулар көбінесе отырысқа бір күн қалғанда келеді. Көптеген бизнес өкілдері дайындалуға немесе қатысуға үлгермей жатады. Сондықтан, біз жұмыстың тексерілген түріне оралуды және заңнамада талап етілгендей, осы бағдарламаны талқылау үшін тікелей жұмыс тобын құруды ұсынамыз. Топ бизнестің барлық түзетулері мен ескертулерін жазбаша түрде және хаттамамен қабылдайтын болады. Тек осылай ғана біз тараптардың пікірлерін ескеріп, жұмыс істейтін құжатты ала аламыз», – дейді «Қазақстан Сүт одағының» директоры Владимир Кожевников.

«Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық бағдарламасын әзірлеу туралы жыл басында жарияланған болатын, оның мақсаты жергілікті нарықта сапалы отандық өнімді жан-жақты қолдау, қазақстандық өндірушілерге өз өнімдерін сауда желілерінде ілгерілетуге көмектесу – қазақстандық өнім ең жақсы сауда алаңдары мен неғұрлым тиімді сату шарттарын алуы үшін декларацияланады. Қазірдің өзінде отандық азық-түлік өнімдеріне арналған сауда сөрелерінің 50% және өнеркәсіптік тауарларға 10% бөлу туралы ұсыныс талқылануда. Бірақ, өндірушілердің пікірінше, қазақстандық өнімдердің көптеген санаттары бойынша отандық бөлшек сауда сөрелерінің 70%-на дейін бөлу қажет.

Кездесуге қатысушылардың пікірінше, бүгінгі таңда азық-түлік нарығында сауда желілері үстемдік етіп, өздерінің ыңғайына қарай ережелер жасайды, олар отандық өндірушіге мүлдем пайдалы емес. Сауда, әрине, экономиканың қажетті элементі, бірақ өзіндік өндіріс мемлекет үшін маңыздырақ болуы тиіс. Ішкі өндіріс елдегі тұрақтылықты, сыртқы қауіптерден нақты тәуелсіздікті қалыптастырады, мемлекеттік бюджетті құрады, жұмыс орындарын құрады. Барлық табысты елдер өзіндік өндірісті дамытуға және қолдауға ұмтылады. Өндірушілер атап өткендей, дәл осы өндіріс экономика үшін анағұрлым маңызды және құнды.    

Азық-түлік өндіру индустриясы отандық өндірушілердің мүдделеріне назар аудара отырып, мемлекеттік реттеуді қажет етеді, бұл үшін түбегейлі қадамдар қажет – сауда ережелеріне қатысты заңнаманы қайта қарау, импортты бақылауды күшейту қажет. Кездесуге қатысушылар белгілеп өткендей, үкіметтік бағдарламаны әзірлеушілер кәсіпкерлер белгілеген осал тұстарға назар аудармастан, отандық өндірісті қолдау мәселелерін шешу үшін жауапкершілікті өндірушілердің өздеріне жүктегісі келеді. Салалық одақтар өкілдерінің пікірінше, «Қазақстанда жасалған» белгісімен тауарды ерікті сертификаттау жүйесін құру идеясы дәл осылай көрінеді – жауапкершілікті өндірушілерге арту және солардың қаражатына жасау.

Бағдарлама бойынша жұмыстың бірінші кезеңі аяқталды, бірақ бизнесті елеулі қолдау шаралары іс жүзінде пысықталмаған, деп атап өтті кездесуге қатысушылар. Бүгінгі таңда бағдарламамен жұмыс шын мәнінде еліміздің кәсіпорындарында өндірілген тауарлар таңбаланатын «Қазақстанда жасалған» белгісінің жаңа дизайнын талқылауға әкелді. Бағдарламаны әзірлеушілер сыртқы бетіне қызығушылық танытып, әдемі логотиптің артында елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізін құрайтын отандық тамақ өндірісін қолдау жөніндегі іс-шаралар кешені болуы керек екенін ұмытып кеткен сияқты.

Өндірушілер бағдарлама олардың мүдделерін сауда желілерімен күрделі өзара қарым-қатынас жағдайында қорғайды деп – жоқ қызметтерді, әртүрлі ретро-бонустарды, сатылған тауар үшін алты айға дейін пост-төлемдерге тосқауыл қояды деп үміттенеді. Сондай-ақ, өндірушілер бағдарламада импорттық өнімдердің сапасын тексеруді ұйымдастырудың нақты шараларын көреміз деп күтеді. Жасыратыны жоқ, импорттаушылар көбінесе жергілікті заңдардың талаптарын орындамайды, ал олар жеткізетін көптеген өнімдер – ең төмен сапада. Салалық одақтар өкілдерінің пікірінше, егер нарықты осындай күмәнді тауардан тазартса (ал бұл елдің барлық азық-түлік айналымының үштен біріне дейін!), онда оның орнын отандық өндірістің лайықты өнімі ала алады.

Елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық сауда желілері тарапынан отандық өндірушілер үшін үстем жағдайлар жасау маңызды.

«Біз өндірушілердің көзқарасын тыңдадық. Бәріміз Қазақстанда тұрамыз және сөзсіз жергілікті өндірушілерге басымдық берілуі тиіс. Соңғы геосаяси оқиғалар біздің осал екенімізді көрсетеді, сондықтан мұндай бастама қолдау табуы керек. Жауапты ведомстволар бизнестің пікіріне құлақ асады, өндірушілердің ескертулері мен тілектерін ескереді және «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы оның түпкілікті түрінде барлық қатысушының мүддесі үшін қазақстандық өндірісті дамыту мақсатында жұмыс істейтін құрал болады деген үміттенеміз», – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының м.а. Ербол Есенеев.

Сонымен қатар, қатысушылар әзірлеушілер кезекті жұмыс істемейтін бастама болатын бағдарламаны қабылдау туралы сәтті есеп беретін постфактум емес, мемлекет пен «Қазақстанда жасалған» бағдарламасын әзірлеушілер бизнестің пікірін дәл қазір естуі қажет екенін, әзірге құжатты түзетіп, пысықтауға болатынын атап өтті.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер