astana-view

Торғай өңірінің, Арқалық қаласының болашағы зор – «Атамекен»

2023 жылғы 02 Сәуір
- Қостанай облысы
7190 просмотров

 «Атамекен» ҰКП басқарма мүшелері Торғай өңірі мен Арқалық қаласының фермерлерімен кездесіп, кәсіпорындарын аралап, өңірдің экономикалық  әлеуетін анықтап қайтты. Ұлттық палата өкілдерінің айтуынша, бұл өңір 90 жылдары құлдырап қалғанымен әлеуеті зор. Қазақстанның қақ ортасында орналасқандықтан, көліктік логистика жүйесі ыңғайлы. Арқалық Қостанай облысының Амангелді ауданымен, Ақмола облысының Жарқайың ауданымен және Ұлытау облысымен шектесіп жатыр.

 «Өңірде ауыл шаруашылығынан бөлек,  туристік кластерді дамыту перспективасы жоғары. Бірінші кезекте логистика проблемасын шешу қажет. Әуежай құрылысын бастап, салынып жатқан автожолдар бойында заманауи инфрақұрылым мен қызмет көрсету объектілерін құру қажет. Торғайдың қазбай байлықтары тау-кен өндірісін дамытуға мүмкіндік береді. Өңірде етке деген қажеттілік бар. Бірақ ет өндірісі 1997 жылы – 200 000 тоннаны құраса, 2022 жылы – 90 000 тоннаға төмендеген. Арқалық және Қостанайда 2 бірдей заманауи ет комбинаты бұл саланы дамытуға толық мүмкіндік береді. Жергілікті халқы да еңбекқор. Тек өз кезегінде кәсіпорындар мен әкімдіктер арасында тұрақты диалог орнату маңызды» - дейді  «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов.

 Осы орайда, мемлекет басшысы VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы үшін өңірлерді, әсіресе өсу нүктелері бола алатын моноқалаларды дамытудың маңызын атап өткенін еске саламыз.

«Бұл өлке ауыл шаруашылығы, оның ішінде қой шаруашылығын дамыту үшін қолайлы. Арқалықта ауыл шаруашылығы алқабының ауданы 959 278 га, егістік 385 мың, жайылым 569 мың, шабындық 5 мың гектарды құрайды. Өңірдің жайылымдары мен шабындық жерлерін, басқа да мүмкіндіктерін ескере келе, қой шаруашылығына басымдық берген дұрыс. Асыл тұқымды қойды бордақылау әдісіне негіздеп, қой кластерін құруға болады. Фермерлер өнімін ет комбинатына өткізсе, араб елдері біздің етті 8-10 доллардан алуға дайын. Бұл жоғары баға. Өңірдің өнімін сырт елдерге экспорттауға мүмкіндік бар» - деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Ербол Есенеев.

Сапар барысында, Ұлттық палата өкілдері  моноқалалардағы басым секторларды дамыту үшін өңірге табысты кәсіпкерлерді тартуды ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер