Ұлттық палата қазақстандық инвесторлардың қаражатын қайтару мәселесін шешуге қосылды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ресейге қарсы санкциялар салдарнан қазақстандық инвесторлардың бұғатталған ақшалай қаражатын қайтару мәселесін шешу процесіне қосылды. Еске салсақ, қазіргі геосаяси жағдайға байланысты бірқатар қазақстандық инвестор купондық сыйақы бойынша ақшалай қаражат алу және Ресей Федерациясы эмитенттерінің облигациялары бойынша негізгі борышты өтеуде қиындықтарға тап болды.
Орын алған жағдайды шешу механизмдері мен жолдарын іздеу үшін ҰКП төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтың жетекшілігімен қаржы ұйымдары, ҚР Ұлттық банкі, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және бағалы қағаздар орталық депозитариінің қатысуымен жиын өтті.
«Өтеу мерзімі келмеген облигациялар бойынша мәселенің ішінара шешімі бағалы қағаздардың орталық депозитарийінің қолдауының арқасында табылды. Ұлттық палата өтеу мерзімі өтіп кеткен облигацияларға қатысты мәселені өзара қолайлы шешімдерді іздеу мақсатында жоғары деңгейде қарауға шығаруға ниетті», – деп атап өтті Тимур Жаркенов.
Төлемдер еуропалық Euroclear немесе Clearstream депозитарийлерінде сақталатын бағалы қағаздар бойынша жүзеге асырылмауы төлемдерді алу мүмкін болмауының негізгі себебі.
Euroclear немесе Clearstream өз клиенттері үшін бағалы қағаздардың халықаралық орталық депозитарийлері ретінде жұмыс істейді.
Көптеген ресейлік бағалы қағаздардың қозғалысы жүзеге асырылатын РФ ұлттық есептік депозитариі Еуродақтың санкциясына түсті. Осыдан кейін Euroclear немесе Clearstream-ге ұлттық есептік депозитариймен кез-келген қаржылық-экономикалық қатынастарды жалғастыруға ресми түрде тыйым салынды. Нәтижесінде ресейлік бағалы қағаздардың шетелдік ұстаушылары, соның ішінде Қазақстан азаматтары, олар бойынша төлем алу мүмкіндігін жоғалтты.
Кеңес барысында ҰКП мамандары мемлекеттік органдарды мәселені шешу үшін Ресей тарапымен келіссөздерге жәрдем көрсетуге шақырды.
«Ресейлік облигациялар бойынша төлемдерді алу бойынша түйткілді мәселелер туындаған жағдайда қазақстандық инвесторлардан ҰКП-ға жүгінулерін сұраймыз», – деп атап өтті Тимур Жаркенов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: