astana-view

Химиялық өнім өндірісі 908 млрд теңгеге жетті

2023 жылғы 10 Мамыр
7753 просмотров

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда химиялық өнім өндірісі 2021 жылмен салыстырғанда 7,6%-ға ұлғайып, 908 млрд теңгеге жетті. Бұл кейінгі жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Химия өнеркәсібінде  мұнай-химия өнімдері (32,9%), тыңайтқыштар (12,4%) және органикалық химиялық заттар (11,1%) жетекші орындарға ие.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының м.а. Мұрат Амриннің айтуынша, 2022 жылы қазақстандық химия өнеркәсібіне 230 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл алдыңғы жылға қарағанда екі есе аз көрсеткіш (2021 ж. – 462,6 млрд теңге).

«Өнеркәсіпке инвестициялардың жалпы көлеміндегі химия саласының үлесі 3,2%-ды, өңдеу өнеркәсібінде оның үлесі 15%-ды құрады. 2022 жылы Қазақстанның химия саласында жалпы құны 54,6 млрд теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылды. Өз кезегінде, биыл жалпы сомасы 58,1 млрд теңгеге тағы 14 жобаны іске қосу жоспарланған. Осы жобалардың ішінде металлургия саласына арналған эмульсиялық жарылғыш заттар, еріткіштер, химиялық реагенттер өндіретін зауыттар бар», – деп атап өтті Мұрат Амрин Қазақстанның химия өнеркәсібінің жыл сайынғы «Химия өнеркәсібі. Даму мақсаттары» атты конференциясы барысында.

Конференция барысында өнеркәсіп өкілдері, сондай-ақ өз қызметінде химияны пайдаланатын компанияларға рұқсат беру құжаттарындағы инновациялар және химиялық өнім айналымының қауіпсіздік талаптары туралы айтылды. Сондай-ақ қатысушыларға Еуразиялық экономикалық одақтың «химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламент таныстырылды. Құжатты жақын арада қабылдау жоспарланған.

«KAZХИМИЯ»  химия өнеркәсібі қауымдастығының атқарушы директоры Томириз Арыстанова Қазақстан аумағындағы химиялық өндірістерді лицензиялау мәселесін көтерді.

«Лицензия алуға біліктілік талаптарында арнайы қоймалар, шикізатты сақтауға арналған үй-жайлар, аккредиттелген зертханалар, техникалық басшылардың білікті құрамының болуы туралы талаптар бар. Бұл талаптар  ірі өнеркәчіп кәсіпорындарға жарайды, ал өндірісте улы және қауіпті химиялық заттарды қолданбайтын орта және шағын кәсіпорындарға қолайсыз», - деді Арыстанова.

Қауымдастықтың өкілдері әлемнің дамыған елдерінде химиялық өндірістерді реттеу ықтимал тәуекел негізінде жүргізіліп жатқаны байқалатынын айтты.  Бұл тәсіл химия салаларының аз тонналық өндірістерін дамытуға және химиялық кәсіпорындарды құру процесін қауіпсіздікке нұқсан келтірместен түсінікті және қол жетімді етеді.

«Dasco Consulting Group» жобалық менеджері Салтанат Нұрбосынова түрлі қолдау шараларсына қарамастан химиялық салаға қаржыландыру аз деп санайды.

«Қазіргі кезде жасыл технологияларды енгізу таңдау емес, қажеттілік болып отыр. Алайда салаға қаржы жеткіліксіз, жаңа технологияларды енгізу және ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша мүмкіндіктері шектеулі. Саланың өсу қарқыны инфляцияның өсу қарқынына қарағанда баяу жүруде», - деп атап өтті спикер.

«KAZХИМИЯ» химия өнеркәсібі қауымдастығының бас директоры Төлеген Молдахметовтың айтуынша, мұндай іс-шараларды өткізу бизнеске мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, даму институттарының өкілдеріне өзекті сұрақтарды тікелей қоюға және қажетті түсініктеме алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «KAZХИМИЯ»  конференция қорытындысы бойынша барлық сұрақ пен ұсыныстарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдау хаты түрінде тұжырымдайтын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер