astana-view

Қытайдың ірі компаниясы Қазақстанға инвестиция мен технология әкеледі

2023 жылғы 19 Мамыр
5587 просмотров

Бейжіңде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов Қытайдың ENFI инжиниринг компаниясының басшылығымен кездесті. Онда Қазақстан мен Қытайдың инжиниринг қызметтер көрсету бағытында технологиялық ынтымақтастығы туралы айтылды. Бұл компания әлемдегі ең ірі 500 компания рейтингінде активтер саны бойынша 58-ші орында тұрған China minmetals Corporation компаниясының ең ірі және озық кәсіпорындарының жетекші бөлімшесі.

 «Қытай серіктестермен өнімді кездесу өткіздік. Әсіресе қабылдаушы тараптың қонақжайлылығын атап өткім келеді. Кездесуде ENFI қытай компаниясының Қазақстанға инновациялық технологияларымен келуі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл технологиялар қытай компаниялары тарапынан тиісті инвестициялармен сүйемелденетін болады. Бұл келісім еліміздегі инжиниринг хабтың өсуі мен дамуының аса маңызды нүктесі болмақ. Бұған дейін бұл мәселені премьер-министр отандық кәсіпкерлер кеңесінде көтерген болатын. Содан кейін адами капиталды дамыту талқыланды және республикада инжиниринг ісін дамыту, шетелдік жоғары технологиялық компаниялардың өз инновациясымен келуіне жағдай жасау маңызды тезис болды», – деді Райымбек Баталов.

 Спикер Қазақстанда ENFI компаниясының жұмыс істеуі тау-кен металлургия кешенін дамытуда қуатты технологиялық серпін беретінін атап өтті. ҚХР ірі тау-кен металлургиялық корпорациясы қазақстандық әріптестермен бірлескен жобаларды іске асыру бойынша инвестициялық және акционерлік ынтымақтастық моделін қарауға дайын екені хабарланды. Қазақстан тарапынан қолда бар ресурстармен қамтамасыз ету сұралады.

ENFI өкілдері Қазақстанның Республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығымен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді. Қазақстанның тау-кен металлургиялық объектілерін алдын ала іріктеу мен сұрыптаудан кейін серіктес компания бағалау туралы алдын ала есеп қалыптастырады. Сонымен қатар өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін қазақстандық бизнеске қолайлы  инвесторларды ұсынады.

Бұдан бөлек қытай компаниясы қазақстандық ғылыми-зерттеу институттары және техникалық университеттермен ынтымақтастық орнатуға мүдде танытты.

Анықтама: China Minmetals Corporation – тікелей орталық үкіметпен басқарылатын маңызды мемлекеттік жүйе құраушы кәсіпорын. Оның негізгі қызметі – металл және минералды шикізатты өндіру және сату. Компания Қытайдың мемлекеттік инвестициялық компаниялары арасында жетекші кәсіпорын. Өткен жылдың соңына қарай China Minmetals жиынтық активтері 1 трлн юаньнан асты. Корпорация құрамына биржада тіркелген 8 компания кіреді. 2021 жылы компанияның операциялық кірісі 850 миллиард юаньнан асты және ол әлемдегі ең ірі 500 компанияның тізімінде 58-ші орында тұр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер