astana-view

Белгілі жазушы Зейнеп Ахметова Маңғыстау тұрғындарымен кездесті

2023 жылғы 18 Мамыр
- Маңғыстау облысы
13870 просмотров

Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы, ұлттық құндылықтарды насихаттаушы Зейнеп Ахметова Маңғыстау тұрғындарымен кездесті. Мазмұнды кездесуді Маңғыстау облысы әкімдігі мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасына қарасты Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Зейнеп Ахметовамен кездесіп, бабадан балаға ділі үзілмей жеткен ұлттық дәстүрлерді дәріптеп жүргені үшін алғысын білдірді. Батыр атаның келінін тыңдауға Ақтау мен Жаңаөзен тұрғындары келді.

«Мұндай кездесудің қыз-келіншектер мен аналарға, жастарға берері мол. Мол тағлымдық ғұмырымен салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты бойға сіңіруге жақсы ақылшы бола алады. Өмірден адаспай, өз жолын тауып, ұлтының нағыз патриоты болуға шақырған Зейнеп апаның әр сөзі өнеге. Маңғыстаудың қыз-келіншектеріне өз септігімізді тигізуді мақсат тұттық. Кездесу тамаша өтті»,- дейді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова.

Кездесу барысында Зейнеп Ахметова жиналғандарға ұлттық тәрбие қағидаттары, рухани құндылықтардың қажеттілігі, халқымыздың салт-дәстүрлері және отбасылық құндылықтар мен балаларды тәрбиелеу туралы айтып, Бауыржан Момышұлының өмірі жайлы сөз қозғап, қызықты оқиғалармен бөлісті.

Сондай-ақ, жазушы өңір тұрғындарына бала тәрбиесіне аса мән беру маңызды екендігін де айтып өтті.

«Қазақ ашаршылықты, соғысты көрсе де тектілігінің арқасында тағдыр тезіне сынбаған, көрсеқызарлықтан ада болған. Тәуелсіздігімізді алып, шекарамызды шегенделіп, өрісіміз кеңейді. Сондықтан, дәстүрімізді ұрпақтан-ұрпаққа насихаттап, сақтап қалу біздің парызымыз. Бүгінгі жасөспірімдерге ұлттық құндылықтарымызды түсіндіріп, бойларына сіңіру керек. Қазіргі балалардың басым көпшілігі ұялы телефонға телміреді. Бұрындары білмегенімізді әкемізден, атамыздан сұрайтын болсақ, бүгінде жастар әлеуметтік желіден сұрайды. Ата-ана беделі төмендеп барады. Сол себепті, ұлттық тәлім-тәрбиеге аса мән беру керек», - деді Зейнеп Ахметова.

Іс-шара соңында жиналғандар Зейнеп Ахметованың қолтаңбасы қойылған кітаптарды алып, естелік фотосуретке түсті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер