astana-view

Облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров өңірдің бизнес өкілдерімен кездесті

2023 жылғы 30 Мамыр
- Түркістан облысы
5264 просмотров

Бүгінгі «галстуксіз» форматындағы кездесу облыс әкімінің орынбасары  Нұралхан Көшеровпен жүйелі мәселелерді талқылауға, оларды шешу бойынша жалпы міндеттерді белгілеуге мүмкіндік берді. Кездесудің негізгі мақсаты өңірдегі бизнес ахуалды кәсіпкерлермен бірлесе талқылау.

Бұл кездесуде кәсіпкерлер көкейдегі сұрақтарын көтеріп, өзекті мәселелерін ортаға салды.  Мәселен, «Мақта Капитал» ЖШС директоры Ғалым Пернешов мақта өсіруге зауыттарға берілетін субсидияны қозғады. Оның айтуынша, шаруалардың субсидия қолдарына тимейді, олардың жерін кепілге қоймай, өткізген мақтасы бойынша субсидия немесе жеңілдетілген несие берілгені тиімдірек екенін айтты. 

«Облысымызда жиырма шақты зауыт бар, бұл жеткілікті, басқа жаңа зауыт артықтық етеді. Мысалы мен үш ай жұмыс жасаймын, жинайтын мақтам 8 мың тонна ғана, бұрын 15-20 мың тонна егетінмін. Жылдан жылға төмендеп бара жатырмыз. Біздің аудан тек мақта егуге ғана қолайлы, басқа дақыл еге алмаймыз. Мақтаны егуді дамыту үшін шаруаларға қаражат керек, бірақ несие алу тек зауыт арқылы өтіп жатыр. Біз сияқты майда шаруаларға субсидия, несие алу бұйырмай тұр», – деді шаруа.

Облыс әкімінің орынбасары бизнестің түйткілді мәселелері мен ұсыныстарын тыңдап, жергілікті билікпен бірлесіп шешу жолдарын қарастыратынын айтты.

«Біз жеке сектормен қолдау мен ынтымақтастықтың барлық нұсқаларын қарастыруға дайынбыз. Сондықтан мен кәсіпкерлерге жүгінемін, кәсіптің тиімді жұмыс істеуі үшін не істеу керектігін айтыңыздар, талқылайық, бизнесті бірге дамытайық», – деді Нұралхан Көшеров.

Бірлескен шараның күн тәртібінде шағын және орта бизнес субъектілерін алаңдатқан өзекті  сұрақтар тыңдалып,  кәсіпкерлерге қысым көрсету, жұмыс барысына заңсыз араласу, әкімшілік кедергілер келтіру, негізсіз әуре-сарсаңға салу әрекеттерін болдырмау мәселелері қаралды. Сонымен қатар, «Ордабасы құс» ЖШС, «Алекс» ЖШС, «АХБК» ЖШС, «Батсу Водоканал» ЖШС, Рахманқұлов ЖК, «Бөрте Милка» ЖШС басшыларының ұсыныс пікірлері назарға алынды.

Отырысты қорытындылай келе, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев қазіргі таңда ҚР «Атамекен» ҰКП-мен әкімшілік кедергілерді төмендету, кәсіпкерлерге өз құқықтарын және заңды мүдделерін қорғауға қажетті қолдау көрсетудің жеткілікті механизмдерін құру бойынша үлкен жұмыс атқаратынын, жергілікті және ұлттық деңгейде әрекет етіп жатқанын атап өтті.

«Биыл Кәсіпкерлер палатасы өңірдің бизнес-ахуалын жақсарту, облыс кәсіпкерлері үшін көрсетілетін қызметтердің клиентке бағдарлануы және бизнес мәселелерін шешуге жобалық тәсіл бойынша жұмысты жалғастырады», – деді Асылан Ибадуллаев.

Бірнеше сағатқа созылған «галстуксіз» кездесу жемісті өтіп, облыс әкімінің орынбасары, Өңірлік кеңес пен Кәсіпкерлер палатасының арасындағы сәтті тандем болды. Кездесуді қорытындылай келе, облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров барлық айтылған мәселелер әрі қарай сапалы шешілу үшін егжей-тегжейлі зерделенетінін айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер