astana-view

Дивидендтерге салық салу: бизнестің пікірі қандай?

2023 жылғы 02 Маусым
5350 просмотров

Дереккөз: tengrinews.kz

«Атамекен» ҰКП жанындағы жұмыс тобының қатысушылары дивидендтерге салық салу мәселесін талқылады. Жиын барысында кәсіпкерлер ескі салық жүйесін қайтару немесе қолданыстағыны жұмсартуды ұсынды. Олардың айтуынша, қолданыстағы тәртіп кәсіпкерлерді инвестиция салуға ынталандырмайды.

Еске салсақ, былтыр салық заңнамасына дивидендтерге салық салу тәртібін айтарлықтай өзгерткен түзетулер енгізілді. Осылайша, жер қойнауын пайдаланушы емес компанияны 3 жыл иелену шартымен дивидендтер бойынша бұрын қолданыста болған салықтық босату жойылды. Сонымен қатар, белгілі бір акциялар бойынша дивидендтерге салық салу және жинақталған пайданы бизнесті дамытуға бағыттауға қатысты қабылданған ынталандыруға қарсы нормалар жағдайды тіптен қиындатты.

Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов салық құралдары, керісінше, инвесторларды тарту және пайданы қайта инвестициялауды ынталандыруы тиіс деп санайды.

Салық кеңесшісі Дастан Қазиев жиынға қатысушыларға заңды және жеке тұлғалар, резиденттер мен резидент еместер үшін ағымдағы салық салу жағдайын шешуге болатын нұсқаларын баяндады.

Алайда, жұмыс тобының кейбір қатысушысы Салық кодексінде бұрын қолданыста болған заңнамалық нормаларды қайтару қажет деп санайды.

 Солардың бірі – «Учет» компаниялар тобының жетекшісі, Алматы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев. Ол заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін Қазақстанда инвестициялық жобаларын ілгерілетуді тоқтатқан қытайлық және корейлік инвесторларының мысалын келтірді.

Спикер миноритарлық бағалы қағаздарды ұстаушылардың мүддесін ескеру қажеттілігін атап өтті.

«Мұндай [жеңілдікті қолдану мүмкіндігі үшін акциялар пакетіне иелік ету мөлшерін шектеу] ешбір жағдайда жасалмауы керек... Егер біз осындай нарықта ақша табуға болатын АҚШ нарығымен салыстыратын болсақ, [осындай шектеулер] біздің бағалы қағаздар нарығының және жаңа ғана дамып келе жатқан кәсіпорындардың үлесін сатып алу-сату нарығының дамуын түбегейлі бұзамыз», – деді ол.

KASE өкілі Зарина Абитаева акциялар пакетінің мөлшеріне немесе мерзіміне қатысты шектеу «біршама ескірген» әдіс екенін атап өтті. Өйткені шектеу қор нарығының өтімділігіне және бағалы қағаздардың еркін айналымына ықпал етпейді.

Өңірлік сауда орталықтары қауымдастығының қызметкері Руслан Шаекин өз кезегінде төленген дивидендтердің мөлшеріне байланысты салық ставкаларын градациялау нұсқасын қарастыруды ұсынды. Өйткені қазіргі салық заңнамасы кәсіпкерлердің құрылтайшылар арасында бөлу арқылы салықтан жалтару схемаларын қолдануына әкеледі.

Бизнестің ортақ пікірін пысықтау үшін салалық сарапшылар мен қауымдастықтардың қатысуымен жұмыс жалғастырылатын болады. Оның қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар уәкілетті мемлекеттік органға жіберіледі.

Жаңа Салық кодексінің жобасына ұсыныстарды талқылау осы жылдың соңына дейін жалғасатын болады. Салық заңнамасын жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын жолдағысы келетін кәсіпкерлер салық департаментіне мына электрон пошта арқылы жүгіне алады: info@atameken.kz.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер