astana-view

Асыл тұқымды түйелер мен жылқыларға субсидия құнын үш есе көтеру қажет

2023 жылғы 08 Маусым
- Маңғыстау облысы
4145 просмотров

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Агроөнеркәсіптік кешені салалық кеңесінде өңірдегі құдықтарды субсидиялау шарттарын қарастыру және бордақылауды субсидиялау мәселесі айтылды. Кеңес төрағасы, «Қазақстан Фермерлер Одағы» Маңғыстау облысы филиалының төрағасы Бақтыбай Ізімтаевтың айтуынша,  қазіргі талап бойынша өнімді бағыттағы асыл тұқымды түйелер мен айғырларды сатып алу үшін әрбір мал басына 100 000 теңге субсидияланады. Нарықтық жағдайға байланысты бұл құнды үш есе өсіру қажет. Сөйтіп сатып алу бағасы 300 мың теңгеге жетуі тиіс. Сонда шаруаларды шын мәнінде қолдауға болады.

Бұдан басқа жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету, шаруаларға электр қуатын беретін қондырғыларын, күн панельдерін, электр энергиясын субсидиялау жайы да қозғалды.  

«Сүтті бағыттағы ірі қара мал мен ешкі өсіруге арналған объектілерді құру және кеңейту қажет. Қуаты 100 аналық бастан басталатын сүтті бағыттағы малдарды өсіруге арналған нысандар ауадай керек. 500-1000 бас қойды бір мезгілде ұстауға арналған науалары, алаңдары, азық үстелі немесе құнарлы азықты беруге арналған тасымал құрылғы, сумен жабдықтаудың автосуаттары бар автоматтандырылған жүйесі бар ветеринариялық пункт, малды түсіруге және тиеуге арналған сатысы, азық цехы не дәнді тартатын техника, кем дегенде 1 мың тоннадан құнарлы астық сақтауға арналған сыйымдылықтағы үй-жайы бар алаң жасақталуы керек», – дейді ол.

Инвестициялық жобаның құны жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес анықталады. Жаңа құрылыс кезінде ескі құдықтарды қалпына келтіру қолға алынуы тиіс. Агроаймақ ашуға жергілікті бюджеттен қаражат қарастырып, жергілікті кәсіпкерлерді үйрету мақсатында осы саладағы мамандарды шақыра отырып, қаржылық емес қолдау көрсету қажеттігі сөз болды. Жүн мен теріні сату үшін кооперативтер құру, балық шаруашылығын субсидиялау бойынша агроөнеркәсіптік кешенге жағдай жасалуы тиіс екені де айтылды.

Ал, өңдеу өнеркәсібі және базалық салалардың салалық кеңесінде «Ақтау теңіз порты» АЭА-ға өнеркәсіптік аудан аумағын қосу мәселесі көтерілді.  Жаңаөзен қаласында арнайы экономикалық аймақ ашу және шаһардағы бизнесті дамыту, жұмыс орындарын құруды ынталандыру жөніндегі 2022–2024 жылдарға арналған Жол картасының орындалмауы жайлы да мәселе қозғалды.  

«Жергілікті арнайы экономиалық аймақта мәселе шешілмесе, кез-келген нысан Астана, Түркістан қалаларының АЭА-ы құрамына енуіне болады. Территориялық жағынан бағынбаса да, заң талаптары бойынша өздері кәсібін өркендете алатын аймақта жұмысын жалғастыра алады. Біз Бейнеу астық терминалын «Қорғас» АЭА-на енгізуді көздеп отырмыз. Ал, басқа да барлық мәселе бойынша бірлескен жұмыс тобын құрып, шешімін табуға ат салысуға шақырамын», –  дейді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев.

Салалық кеңес мүшелері барлық сұрақ бойынша жергілікті әкімдікпен бірлескен жұмыс тобын құрып, оңтайлы шешу жолдарын қарастыру қажет деген ортақ ұйғарымға келді.  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер