astana-view

Абай облысының бірнеше кәсіпкері өрттен зардап шеккендерге көмек үшін 17 млн теңге жинады

2023 жылғы 14 Маусым
- Абай облысы
4839 просмотров

Жиналған қаражат Абай облысындағы ауқымды өрттен зардап шеккендерге көмекке жұмсалады.

 Орман өртінің алғашқы күндерінен бастап кәсіпкерлер мен жанашыр азаматтар өртті сөндіруге қатысып, оның салдарын жойып жатқан мамандардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін тәулік бойы қолдан келгенше көмек көрсетіп жатыр. Еріктілер қаражат жинап, азық-түлік, қажетті заттарды жеткізіп, ыстық тамақ дайындап жатыр.

 Абай облысындағы алапат трагедияға байланысты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-қоғамдастық өкілдерін өрт сөндірушілер, құтқарушылар және өртпен күресіп жатқан әскери қызметшілерге гуманитарлық көмек көрсетуге шақырды.

 Гуманитарлық көмек көрсету үшін қазақстандық бизнесмендер өрт сөндіруге қатысқан адамдар мен эвакуацияланған тұрғындарға нақты не қажет екенін білу үшін Абай облысының әкімдігі жанындағы штабқа жүгінді.  

Облыстың кәсіпкерлер палатасы төрағасының м.а. Саят Бокишевтің айтуынша, жедел ақша жиналып, өрт сөндірушілерге де, барлық мүлкін өртте қалдырған және қолдауды қажет ететін, эвакуациялық пункттерде орналасқан адамдарға да мақсатты гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылданды.

 «Біз өрт салдарынан болған залалды қалпына келтіріп жатқан адамдар мен тұрғындарға қажет заттар мен өнімдердің тізімін алдық. Олардың ішінде: азық-түлік өнімдері, гигиеналық заттар және киім-кешек бар. Біз бірден шығып, барлық қажетті тауарларды сатып алып, заттарды эвакуациялық пункттердің біріне – Электротехникалық колледж жатақханасына жеткіздік. Сондай-ақ ыстық тамақ пен басқа да өнімдерді өрт сөндірушілерге күнделікті жеткізуді ұйымдастырып жүрген «Колея» жол талғамайтын көліктер клубы арқылы Қаштақ ауылына жөнелттік», – деді Саят Бокишев.

«СЕМАЗ» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Әсемхан Досқожанов көрсетілген көмек туралы да айтты.

«Семаз» ЖШС, «ТоДЭУ БАС», «Азия Фирмасы» ЖШС, «СМЗ» ЖШС, «Номад қонақ үйі» ЖШС, «Инвиктус» ЖШС, «Силикат» ЖШС, «Астық групп» ЖШС бизнесмендері  17 млн теңге жинап, өңірдің зардап шеккен тұрғындарына көмек көрсету үшін «Ертіс» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-қа жіберді», – деді ол.

 Кәсіпкерлер қаражатты қайырымдылық қорына жіберіп жатыр. Сондай-ақ азық-түлік пен қажетті заттарды Палата базасына немесе тікелей эвакуациялық пункттер мен штабтарға жеткізіп, аспаздар мен жұмыс күшін қамтамасыз етіп жатыр. Бұдан былай бизнесмендер  адамдарға тұрғын үй және әлеуметтік жағдайларды қалпына келтіруге қажетті көмек көрсетуді жалғастыруға ниетті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер