astana-view

Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталық уақытымызды үнемдейді – елордалық кәсіпкерлер

2023 жылғы 14 Маусым
- Астана қаласы
5906 просмотров

Астана кәсіпкерлері алғаш рет Астанада ашылған Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін көп функциялы орталығының мүмкіндіктерін бағалады. КҚККО екі апталық жұмысы барысында, кәсіпкерлерге 500-ге жуық қызмет көрсетілді.

Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін көп функциялы орталығы өз алаңында бірден бірнеше ұйымның жұмысын шоғырландырды. Бұл, ең алдымен, ШОБ-ты қолдаудың қаржылай емес шараларын көрсететін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және заңды тұлғалар үшін мемлекеттік қызметтердің барлық спектрін ұсынатын Халыққа қызмет көрсету орталығы. Одан басқа, КҚККО-да бизнес «Банк Центр Кредит» АҚ, «Аграрлық несие корпорация» АҚ, Астана қаласы әкімдігінің Халыққа қызмет көрсету орталығы, сондай-ақ «Мен-Кәсіпкер», «Кәсіпкерлікті дамыту» құралы бойынша қызметтер ала алады.

«31 мамырда орталық ашылған сәттен бастап 468 қызмет көрсетілді, оның ішінде қаржылай емес қолдау бойынша – 235 қызмет; Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жұмысының шеңберінде – 52; «Кәсіпке Бағыт» құралы бойынша – 30. Халыққа қызмет көрсету орталығы 100 қызмет көрсетті, Халықты жұмыспен қамту орталығы – 36 және Банк ЦентрКредит – 15. Біз кәсіпкерлердің оң пікірін көріп отырмыз. Олар бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсету оларға құжаттарды ресімдеуді едәуір жеңілдететінін атап өтті», - дейді Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев.

Елордалық кәсіпкер Разия Искакова КҚККО, ең алдымен, өз клиенттерінің уақытын үнемдейтінін атап өтті, бұл қазіргі өмір ырғағын ескергенде маңыздылығы жоғары.

«Бүгін астаналық «Атамекен» көшіп келген жаңа ғимаратқа кіргенім мені таң қалдырды. Бүгінгі таңда бұл  көп функциялы орталық. Ол неге тартымды? Бұл жерде ХҚКО, банктер және Халықты жұмыспен қамту орталығы орналасқандығымен тартымды. Қызметтердің үлкен спектрі көрсетіледі. Менің ойымша, бұл керемет. Біздің мәселелерімізді дәл осылай шешкеніміз жақсы. Өте ризамын. Бүгін де мен жұмыс уақыты аяқталар уақытта келдім, бірақ сұрақтарыма бірқатар жауап алдым. Сондықтан мен осы қызметтердің барлығын пайдалануды ұсынамын», – деді кәсіпкер.

Тағы бір астаналық кәсіпкер Дина Гулджумарова КҚККО жұмысын бағалады.

 «Мұнда өте ыңғайлы екенін атап өткім келеді – Халыққа қызмет көрсету орталығы, «Атамекен» ҰКП, банк және тағы бірнеше мекеме бар. Өте ыңғайлы. Уақыт үнемдейсің – келіп бір маманнан кеңес аласың, егер басқасына жіберсе, осы жерде кеңес алуға болады. «Атамекен» палатасын және осы орталықты ұйымдастырғандарға алғыс білдіремін. Орталық қызметкерлерінің жоғары біліктілігін атап өткім келеді, сұрақтарға нақты және жақсы жауап береді. Қалаған сұрақтарыма жауап алдым, және өте ризамын. Рақмет», - деді ол.

«Бизнеске арналған үкімет» пилоттық жобасы 31 мамыр күні Астанада іске қосылғанын еске саламыз. Ол Б.Момышұлы, 2/1, 4-қабат мекенжайы бойынша Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы алаңында орналасқан.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер