astana-view

Бизнес-омбудсменмен кездесу: бөлшек салық төмендей ме?

2023 жылғы 15 Маусым
- Ақмола облысы
8325 просмотров

Бүгін Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов өңір басшысы Ермек Маржықпаевпен кездесті.

Кездесу барысында бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету мәселесі көтерілді. Өңірді дамыту, сондай-ақ салықтық әкімшілендіру проблемасын талқылай келе, бизнес-омбудсмен өңірдегі бизнес қауымдастықтың сұраныстарына сәйкес бөлшек салықтың жаңа мөлшерлемесін бекіту қажеттігіне баса назар аударды.

«Мен бөлшек салық мөлшерлемесін төмендетуді қолдаймын. Бұл өңірлік бизнесті, атап айтқанда, экономиканың сегменті болып табылатын шағын және орта бизнесті дамытуға айтарлықтай серпін береді. Экономикалық белсенділіктің негізі шағын және орта бизнес екені анық. Бүгінде өңір экономикасындағы ШОБ үлесі 28%-ды құрайды. Біз осы саланы әрі қарай дамытуды жөн санап отырмыз», - деді өңір басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде өңірдегі 58 кәсіпкерлік субъектісі шағын және орта бизнеспен айналысады, олар 141 мың адамды жұмыспен қамтып отыр, бұл - экономикалық белсенді тұрғындардың үштен бірі. Бұл бизнес субъектілері 46 млрд. теңгеден астам салық төлеп, 1,6 трлн, теңгеге өнім шығарған.

 

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында біз жыл сайын Қазақстанның барлық өңірлерін аралап шығамыз. Іскерлік ахуалды дамыту мәселесінде Ақмола облысы көшбасшылардың бірі болып табылатынын атап өткім келеді. Негізгі капиталға құйылатын инвестиция бұған дәлел бола алады және басты көрсеткіштердің бірі де осы», - деді Рустам Жүрсінов.

Сонымен қатар, бизнес-омбудсмен кәсіпкерлерді алаңдатып отырған өзге де мәселелерге тоқталды. Экономиканы дамытуға үлес қосатын басты бағыттардың бірі туризм екені сөзсіз. Ал бұл саланың дамуына елеулі әсер ететін мәселе - туристерді тарту. Осы ретте бизнес-омбудсмен Көкшетаудағы халықаралық әуежайды тиімді пайдалануды ұсынды. Аталмыш әуежайдың бүгінде әуе кемелерінің барлық түрін қабылдауға мүмкіндігі бар, ал аэровокзал сағатына 200 жолаушыға қызмет көрсете алады. Солай бола тұра, аэровокзалдың әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Бүгінде Көкшетаудан Алматы, Ақтау, Шымкент қалаларына небәрі 3 әуе рейсі қатынайды, оның өзі аптасына 2-3 рет қана.


Әуежайдың Щучинск, Бурабай, Зеренді курорттық аймақтарына жақын орналасқанын ескерер болсақ, жаз мезгілінде Омбы мен Түменге қатынайтын халықаралық әуе бағыттарын ашу орынды болар еді. Бұл өңірге туристерді тартуға, сондай-ақ елімізде туризмді дамытуға барынша үлес қосары сөзсіз. Сондай-ақ, жаз айларында субсидияланатын Көкшетау-Атырау бағытындағы жаңа рейсті ашу мүмкіндігін қарастыру жөнінде де ұсыныс жасалды.
Көкшетау қаласындағы әуежайдың директоры Марат Хасеновтың айтуынша, 2021-2022 жылдары Омск-Көкшетау бағытында субсидияланатын әуе қатынасын ұйымдастыру мәселесі талқыланған болатын. Әуежай басшыларының және ресейлік туристік операторлардың қатысуымен келіссөздер жүргізілген. Дегенмен, геосаяси жағдайлардың туындауына байланысты бұл жұмыс уақытша тоқтатылған. Елдегі әуе қатынастары мәселесі бюджеттен айтарлықтай қаражат бөлуді талап ететін болғандықтан, тараптар бұл мәселені үкімет деңгейінде шешеміз деп келісті.
Кәсіпкерлерден түскен өтініштерді зерделей келе, Рустам Жүрсінов өңірде микробизнесті дамыту мәселесі өзекті екенін атап өтті. Стационарлық емес сауда орындарын ұйымдастыру мәселесі жедел шешімді талап етеді. Бұл тұрғыда шағын бизнес осындай сауда нүктелерін ашуға қызығушылық танытып отыр, өйткені өз қызметі мен тауарларын ірі сауда нысандары арқылы тұрғындарға ұсынуға барлық кәсіпкерлердің қолы жете бермейді.

«Кәсіпкерлікті дамыту үшін микробизнес өкілдеріне осы салада кедергісіз жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек. Бұл шара отандық өнімді, жұмысты, қызметті ішкі нарықта өткізуге ықпал етеді, кәсіпкерлік субъектілерінің қаражаты мен уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сауда орындарының санын арттыру бәсекелестікті дамытуға, азық-түлік бағасын реттеуге мүмкіндік береді», - деді бизнес-омбудсмен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер