astana-view

ШҚО-ның жетекші өндірушілері өңірлік көрмелерде өз тауарларын ұсынды

2023 жылғы 21 Маусым
- Шығыс Қазақстан облысы
7833 просмотров

2023 жылдың 21 маусымында Шығыс Қазақстан облысының 76 жетекші өндірушілері «Қазақстанның үздік тауары» және «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауында өз тауарларын халыққа ұсынды. Тоғыз жеңімпаз «ҚҮТ-2023» байқауының республикалық кезеңіндегі үздік атағы үшін бақ сынасады.

 

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ»

«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының ұйымдастырушылары: Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі. Жыл сайынғы байқаудың басты мақсаты - жергілікті өндірушілерді қолдау, оларды тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға ынталандыру, отандық брендтерді ілгерілетуге және елімізде өндірісті дамытуға ықпал ету.

Жеңімпаздардың үштігі «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша анықталады. Одан кейін аймақтық байқаудың тоғыз жеңімпазы Шығыс Қазақстанды байқаудың республикалық кезеңінде таныстырады.

2023 жылы «ҚҮТ» көрмесі дәстүр бойынша жәрмеңке форматында өтіп, келушілер өңірдің үздік 60 тауар өндірушілерінің өнімімен танысып, өзіне ұнаған өнімдерді сатып алды. Сонымен қатар, көрмеге қатысушылардың өздері әлеуетті бизнес-серіктестермен және жеткізушілермен жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, өз тауарларын сатуға және жаңа клиенттерді табуға мүмкіндік алды.

Жеке кәсіпкер Жанна Тоқтархан гүлдер, картиналар, сондай-ақ аңдар мен мультфильмдердің кейіпкерлері түріндегі шамдар мен өсімдік торшерлерін дайындаумен айналысады.

«Мен төрт жылдан бері шамдар жасаумен айналысып келемін, бірақ көптеген адамдар біздің өніміміз туралы әлі күнге дейін білмейді. Көбі оны пенопласттан, қандай да бір пластиктен жасалған гүлдер деп ойлайды, бірақ шын мәнінде біздің барлық бұйымдарымыз фоамираннан, евролоннан, сафтиннен жасалады. «ҚҮТ» көрмесіне біз адамдар тауарымыздың сапасына көз жеткізіп, оған қол тигізіп, қосып көруі үшін қатысуға шешім қабылдадық. Біздің өнімдерімізді «Әлем» сауда үйінен және «Мария Мебель» дүкенінен сатып алуға болады», – деді Жанна Тоқтархан.

Биыл алғаш рет ШҚО Кәсіпкерлер палатасы көрмеге келушілер үшін жүлде ұтысын ұйымдастырды.  Лотерея билеттері кездейсоқ таңдалған бақыттылар «ҚҮТ-2023» қатысушыларының өнімдерінен 25 сыйлық алды.

Ұйымдастырушылар «ҚҮТ» байқауы Қазақстанда 15 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын және Шығыс Қазақстан кәсіпорындары республикалық кезеңде жүлделі орындарға ие болғанын атап өтті.  Әр жылдары «Силумин-Восток» АҚ, «Эмиль» ЖШС, «Шығыс-Сүт» ЖШС, «Бриссоль» ЖШС, «Азия Авто» АҚ, «Ақсу-Дзен СП «ЖШС, «Өскемен құс фабрикасы» АҚ «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының жеңімпаздары болған еді.

«Біз өндірушілерімізге «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне белсенді қатысқаны үшін, сапалы өнім өндіріп, өңірімізді лайықты танытқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Сіздердің күш-жігерлеріңіздің, еңбектеріңіздің арқасында бұл іс-шара өтті. Көрменің барлық қатысушылары мен келушілеріне жақсылық, денсаулық және бейбіт аспан тілейміз!» – деп жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев атап өтті.

2023 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша «ҚҮТ» номинациясында келесі кәсіпорындар жеңімпаз атанды:

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»:

1 орын - «Казахстанское промышленное предприятие» ЖШС, Өскемен қаласы

2 орын - «IZOTERM» өндірістік-сауда компаниясы» ЖШС, Глубокое кенті

3 орын - «Попов Виктор Сергеевич» ЖК, Риддер қаласы

«Халыққа арналған үздік тауарлар»:

1 орын - «Arlan» ЖК, Өскемен қаласы

2 орын - «Рауан» ЖШС, Өскемен қаласы

3 орын - «Shanyraq» ЖК, Өскемен қаласы

«Үздік азық-түлік тауарлары»:

1 орын - «Шығыс-Сүт» ЖШС, Өскемен қаласы

2 орын - «Алтын Қазан ШҚ» ЖШС, Өскемен қаласы

3 орын - «Дакиев Ержан Мейрамұлы» ЖК, Шемонаиха ауданы

Көрермендердің көзайымына Глубокое ауданының «Global Invest International» ЖШС (бренд «Медовая марка») ие болды, Зайсан ауданының «Qabыл Agro» ЖШС белсенді қатысқаны үшін сыйлық табысталды.

Енді негізгі номинациялар бойынша Шығыстың тоғыз жеңімпазы «Қазақстанның үздік тауары 2023» республикалық олимп-көрмесін бағындыруға аттанады. Оларға сәттілік тілейміз!

 

«БІР АУЫЛ - БІР ӨНІМ»

Алғаш рет 2023 жылы Қазақстанның барлық облыстарында Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде құрылған «Мен кәсіпкер» бағдарламасының компоненті болып табылатын «Бір ауыл - бір өнім» (БАБӨ) жобасына қатысушылардың көрмелері өткізіледі.

«БАБӨ» басты мақсаты – қарапайым азаматтардың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін арттыру, кәсіпкер әйелдерге олардың өнімдерін өткізу нарығын кеңейтуге жәрдемдесу.

Шығыс Қазақстан облысының 16 кәсіпкері 21 маусымда Өскемен қаласындағы спорт сарайында өткен «БАБӨ» көрмесінде өз өнімдерін ұсынды. Арнайы брендтік стендтерден жергілікті шеберлердің шай, дәмдеуіштер, жент, құрт, қымыз, бал, балық өнімдері, сабын, киім-кешек, былғары және жүннен жасалған бұйымдар және т.б. тауарларын көруге және сатып алуға болады.

Бизнес-қоғамдастықтың, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының 20 өкілі бар арнайы құрылған бренд-комитет таяу күндері көрменің қорытындысы бойынша үздік 10 жобаны іріктейді. Бұл туралы біз кейінгі жарияланымдарымызда айтамыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер