astana-view

«Атамекен» ҰКП қатысуымен үздік мемлекеттік қызметшілер марапатталды

2023 жылғы 23 Маусым
7156 просмотров

 ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Республикалық комиссия «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміровтің қатысуымен мемлекеттік органдар арасында үздік көрсетілетін қызметті берушіні анықтауға бағытталған «Үздік сапалы қызмет көрсетшісі» байқауының жеңімпаздарын анықтады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік органдар арасында үздік көрсетілетін қызметті берушіні анықтауға бағытталған «Үздік сапалы қызмет көрсетшісі» байқауының қорытындысын шығарды.

Байқауға ел ауқымында 300 қызмет көрсетуші қатысты. Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарының қызмет көрсетушілері белсенділік танытты.

«Мен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары ретінде мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Республикалық комиссияның мүшесі болдым. Комиссия азаматтарға, оның ішінде кәсіпкерлерге мемлекеттік қызмет көрсететін үздік мемлекеттік қызметшіні анықтады. Бұл сәт «Атамекен» ҰКП үшін өте маңызды. Өйткені мемлекеттік қызметтерді уақтылы және сапалы көрсету (лицензиялар, рұқсаттар, жер, түрлі қолдау шаралары), негізсіз бас тарту фактілеріне жол бермеу – осы мәселелердің барлығы кәсіпкерлік қызметке үлкен әсер етеді. Мемлекеттің қызметінің сапасы елдегі бизнестің дамуына тікелей ықпал етеді. Бүгін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілер күніне орайластырылған мерекеде осы саладағы үздік қызметкерлерге наградалар табыс етілді»,  – деді Ербол Өстеміров.

 Абай облысы Көкпекті ауданының «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» республикалық комиссиясының шешімімен «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» болып атанды.

 Сондай-ақ, осы номинация бойынша алғашқы үш орынды: 1 орын – Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының білім бөлімінің №5 Шоғы атындағы жалпы білім беру мектебі, 2 орын – Шымкент қаласының Әділет департаменті, 3 орын – Қостанай қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы иеленді.

«Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары еліміздің мемлекеттік қызметшілерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Сіздерді Мемлекеттік қызметші күнімен құттықтаймын! Сіздердің кәсіби қызметіңіз – еліміздің дамуы мен көркеюінің кепілі. Қазақстанның игілігі үшін жұмыс істеп, халыққа риясыз қызмет көрсетіп жатырсыз. Күн сайын көптеген тапсырма орындау, қыруар мәселе шешу зор жауапкершілік. Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат және алға қойған мақсаттарыңызға жетуде табандылық тілеймін. Қызметіңіз табысты, ал елдің дамуына қосқан үлесіңіз елеулі болсын», – деді Ербол Өстеміров.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер