astana-view

Серік Жұманғарин ақтөбелік кәсіпкерлермен кездесті

2023 жылғы 01 Шілде
- Ақтөбе облысы
5794 просмотров

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-ҚР сауда және интеграция министрімен кездесуге кәсіпкерлер-Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының Салалық кеңестерінің, қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Кездесу барысында кәсіпкерлер бизнестің дамуына кедергі болатын бірқатар маңызды мәселелерді көтерді.

 Шаруа қожалықтарының басшылары ауыл шаруашылығы құрылымдарының несиелері мен лизингтері бойынша сыйақысының пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау кезінде белгілі бір қиындықтарға тап болып жүргенін жеткізді, себебі несие пен лизинг алған кезде шаруашылықтарға бюджет қаражатының болмауы немесе тапшылығы салдарынан субсидияларды уақытылы төлеуге кепілдік берілмейді екен. Шаруашылықтар несиелер мен лизингтер бойынша сыйақыларды өз қаражаттары есебінен төлеуге мәжбүр.

 Төлемдер бойынша міндеттемелер кешіктірілсе,  кәсіпкерлер жосықсыз клиенттер тізіміне енгізіліп, тіпті субсидиялардан толық айырылу қаупі бар.

  «Жоғарыда айтылғандардың негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің несиелері мен лизингтері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау үшін қаржы институттарына қаражатты тікелей аудару тураля субсидиялау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізуді тапсыруыңызды сұраймыз», - деді фермерлер.

 Серік Жұманғарин ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдармен бірлесіп, сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау тетігін өзгерту мәселесін бірнеше рет талқылағанын алға тартты. Әзірленген субсидиялау тетігі қолданыстағы заңнамаға да, белгілі бір уақытты қажет ететін халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына да өзгерістер енгізуді талап етеді.

«Ұсынылған субсидиялау тетігін объективті себептермен тезірек енгізу мүмкін еместігін ескере отырып, осы кезеңде екінші деңгейлі банктерді одан әрі қолдау үшін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес және оған тәуелді компанияларға бюджеттік инвестициялар көлемін біртіндеп ұлғайту орынды деп санаймыз», - деді вице-премьер.

 Сонымен қатар, ет экспортына, бидайдың «сұр»импортына, минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармай материалдарын енгізу нормаларын ұлғайтуға, жергілікті сүт өнімдерін өндірушілердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға және қолдауға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

 «Үкімет бүгін айтылған мәселелерді шешу бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Біз ауыл шаруашылығында кәсіпкерлікті дамыту және агроөнеркәсіптік өндіріс көлемін ұлғайту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасауды жалғастырамыз. Біздің ортақ мақсатымыз - елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен қанықтыру және тұрақты қамтамасыз ету», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Диалог «Ramazan Qus» құс фабрикасының базасында өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер