astana-view

ЕАЭО құрылыс материалдарының қауіпсіздігі жөніндегі техрегламенті кәсіпкерлерге түсінікті болуы керек

2023 жылғы 05 Шілде
3697 просмотров

«Атамекен» ҰКП алаңында Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттік органдары, отандық бизнес ұйымдардың өкілдері құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі бойынша ЕАЭО техрегламентінің жобасын талқылады.

Бұл жоба Ресей Федерациясының Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігі тарапынан әзірленген. Қазақстандық бизнестің техрегламентке қатысты сұрақтары бар. Мәселелердің бір бөлігі өткен жиындар барысында алынып тасталды.

 Осы жиында негізгі екі мәселе көтерілді.

 Біріншісі бағалау – жарамдылықты растаудың жаңа формасы. Оны түсіндірген кезде әзірлеушілер жарамдылығын растайтын өнім санаттарының 4 нұсқасы туралы айтты. Олар стандарталмаған өнім, стандартталмайтын өнім, импорт және жаңа материалдар. Бұл ретте стандартталмаған тауар деп бекітілген тізімге енбеген тауарды жатқызу ұсынылды.

«Атамекен» ҰКП Техникалық реттеу департаментінің басқарушы директоры Жазира Шүйкебаева әзірлеушілердің ұсыныстарына қатысты көп сұрақ барын айтты. Мәселен, көбіне импорттық өнімдер сыналған болып шығады. Сонымен қатар, басқа елдерде барлық импорттық материалды жаңа деп атауға мүмкіндік бермейтін сәтті тәжірибе бар болуы мүмкін.

Стандартталмаған өнім тек қана техрегламент стандарттарының тізбесімен айқындалмауы керек. Өйткені бұл тізілімге стандарттарды енгізудің белгілі бір критерийлері бар. Тізілімге шетелдік, халықаралық немесе кәсіпорынлардың стандарттары қосылмайды.

 Келесі категория – стандартталмайтын өнімге қолөнер туындысын жатқызуға болады. Мұндай өнімдер әдетте техрегламентпен реттейлмейді.

 «Ең алдымен ұғымдық мазмұнды анықтап алу керек. Олқы тұстары ұсақ-түйекте болуы мүмкін. Жарамдылықты растауға нені жатқызу керек, нені жаңа өнім деп тану керегін нақтылап алуымыз керек. Алдыңғы жиналыстарда бүкіл импортты осы процедураға жатқызу керегі бірнеше рет айтылды. Бұл мәселені егжей-тегжей қарастырған жөн. Өйткені еліміз технологиялық шешімдер қабылдап, басқа елдерді қолдану тәжірибесін жоққа шығарып, қосымша кедергілер қояды. Бұл дұрыс тәсіл емес. Сонымен қатар, бірде-бір шетелдік құрылыс өнімі біздің нарыққа сертификатсыз немесе декларациясыз кірмейтінін түсіну керек», – деп атап өтті Жазира Шүйкебаева.

Талқылау барысында қатысушылар жобаның осы нұсқасы әлемде өзін танытқан, бірақ еліміздегі жаңалық болып саналатын технологиялық материалдарды қолдану кезінде қиындықтар тудыруы мүмкін деп алаңдады. Мұндай материалдарға бағалаудың қосымша түрлерін қабылдау қажет пе?

Еліміз трансферттеуге мүдделі озық технологиялар туралы сөз болғанда, мемлекет ұлғайтқыш әйнек арқылы бүкіл нарықты тексеріп отыруы керек пе? Оң қыламыз деп, бар инвесторлардан айырылып қалмаймыз ба?

Жазира Шүйкебаеваның айтуынша, жарамдылықты тануда жоғарыда аталған тәуекелдерді азайту үшін бұл процедураны жаңа материалдар мен бұйымдарға ғана қолдану керек. Бұл ретте техрегламентте осы категорияның сипаттамасы нақты жазылған.

 Егер жаңа өнімнің жарамдылығы расталса, онда бұл процедураны қайта-қайта жүргізу дұрыс емес. ҰКП мамандары өтініш берушіге сәйкестікті кейіннен бағалау үшін өнімді стандарттау үшін 5-7 жыл мерзім белгілеуді ұсынды.

Сонымен қатар, жобада құрылыс материалдарының жарамдылығына баға беру жөніндегі уәкілетті ұйым ақылы консультациялық қызметтер көрсете алатыны жазылған. Мүдде қақтығысы байқалады. Бұл ұйым расымен тәуелсіз бола ма?

 ҰКП мамандары техникалық регламент нарыққа барынша түсінікті болып, құрылыс саласында нақты критерий мен қағидаларды көрсетуі керек деп мәлімдеді.

Дау туғызған екінші мәселе – құрылыс өнімдеріне қойылатын санитариялық-гигиеналық талаптар кешені, ол оның құрамдас бөліктерін, тіпті қалдықтарын да қамтиды.

 Конференцияға қатысушылар өткен ой-талқыдан кейін бұрын пайдаланылмаған, оның ішінде ЕАЭО-дан тыс жаңа құрылыс өнімдерінің жарамдылығын растау саласын шектеу туралы келісімге келді.

Қатысушылар сала мен ел экономикасын дамыту жолында кедергі болмай, құрылыс саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал ететін консенсусқа келу үшін жоба бойынша жұмысты жалғастыру қажет деген пікірге келді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер