astana-view

«Мен — кәсіпкер»: кәсіп ашсаңыз, қолдау бар

2023 жылғы 05 Шілде
- Ақтөбе облысы
4247 просмотров

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында республика аумағында кәсіпкерлердің құзыреттілігін арттыруға бағытталған «Мен — кәсіпкер» жаңа тетігі іске қосылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалы директорының орынбасары Дидар Боранқұлов жаңа тетіктің мақсаты мен бағыттары туралы айтып берді.

«Мен — кәсіпкер» бірнеше саланы қамтиды. Жобаны «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырады. Кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдаудың бұл түрі үш бағыттан тұрады», — деді ол.

«Мен кәсіпкердің» бір тармағы «Кәсіпке бағыт» деп аталады. Бұл бағытта шағын және орта бизнес субъектілері үшін біліктілікті арттыру және салалық оқыту жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін 60 кәсіпкерді оқыту жоспарланып отыр. «Кәсіпке бағыт» аясында өтетін курстарға қатысу тегін. Соңында сертификат беріледі.

«Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты, аты айтып тұрғандай, тек кәсіп бастаймын деген әйел адамдарға арналған.

«Бұл бағытты кәсіпкерлер жақсы біледі. Өйткені 2022 жылдың наурыз айынан бастап палата жанында «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» жұмыс істейді. Бұл жерде кәсіп иелері консультациялар алып, білімін жетілдіреді, тәлімгермен жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болады. Өткен жылы тәлімгердің қолдауына 10 ақтөбелік кәсіпкер әйел ие болса, биыл кәсіпкерлік бастамалары мен бизнесі бар 12 әйелге қолдау көрсетілді», —  деді Дидар Боранқұлов.

Ашылған уақыттан бастап бұл орталыққа 800-ге жуық кәсіпкер әйел өтініш білдірген. 60 қыз-келіншек соның аясында түрлі мамандық бойынша білімін жетілдірген.

 «Мен — кәсіпкер» құралының негізгі бағыттарының бірі — «Бір ауыл — бір өнім». Бұны өз алдына бөлек жоба деуге де, халықаралық қозғалыс деуге де болады. Ең бірінші рет мұндай жоба Жапонияда пайда болған. Жоба жергілікті брендті дамыту мен құруды және нарықтық құндылықтарды арттыруды көздейді. Оған тек кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдер ғана қатыса алады. «Бір ауыл — бір өнім» аясында іскер әйелдер кеңесінің төрағасы мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері аудандарды аралап, ауыл тұрғындарын «Мен — кәсіпкер» тетігі туралы ақпараттандырды», — деді Дидар Боранқұлов.

Сондай-ақ ол «Бір ауыл — бір өнім» жобасы аясында тамызда көрме өткізу жоспарланып отырғанын айтты. Бүгінде көрмеге қойылатын тауарларды іріктеу үшін арнайы жұмыс тобы мен брендтік комитет құрылған.

Айта кетейік, «Мен — кәсіпкер» тетігі аясында ұсынылған жобаларға қатысқысы келетін азаматтар өз өтініштерін Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына жолдай алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер