astana-view

Қалдық жинаушылар мен қайта өңдеушілер «Жасыл Даму» АҚ-дан субсидия күтуде

2023 жылғы 13 Шілде
6596 просмотров

Қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу саласындағы кәсіпкерлер қашан субсидия алады? Ол үшін заңнамалық деңгейде қажетті түзетулер де қабылданды.

Бизнес өкілдері бір жарым жылдан бері Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторынан заңнамалық тұрғыдан тиісті қаржылай қолдау ала алмай келеді.

2022 жылдың қаңтарында ӨКМ операторының функциялары ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы – «Жасыл Даму» акционерлік қоғамына берілгені белгілі. Бұл ретте қалдықтарды жинау тасымалдау және қайта өңдеуді жүзеге асыратын кәсіпкерлерді қолдаудың бұрын қолданыста болған бағдарлама – «EcoQolday» жобасы тоқтатылды.

«Қалдықтарды басқару саласындағы бизнесті қолдау бағдарламасы саланың дамуына серпін беріп, қайталама шикізатты жинау мен өңдеу үлесін едәуір арттыруға жол ашты. Сала өте күрделі, тарифтермен реттелген, тарифтерді жыл сайын индекстеу қарастырылмаған. Субсидиялау маңызды рөл атқарды, соның ішінде кәсіпорындардың материалдық-техникалық жабдықталу деңгейін арттыруға ықпал етті, сондай-ақ бизнесті көлеңкелі сектордан шығуға ынталандырды. Өткен жылдың қаңтарынан бастап қолдау механизмі жұмыс істемейді. Бұл бизнес үшін күрделі мәселе», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Мұнай-газ секторы және экология департаменті директорының орынбасары Адина Қарымсақ.

Қазіргі кезде заңнамалық деңгейде қалдықтарды жинаушылар мен қайта өңдеушілерді субсидиялауды жақын арада бастауға мүмкіндік беретін түзетулер қабылданды. Бұл ретте қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган төлем тәртібін айқындауы тиіс, ал ҚР Үкіметі оның мөлшерін бекітуі керек.

Мемлекет басшысы Экологиялық кодекске тиісті түзетулерге осы жылдың 5 шілдесінде қол қойған және қыркүйекте күшіне енетін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ядролық қауіпсіздік, экология және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңымен енгізілді.

Кәсіпкерлер «Жасыл Даму» АҚ өз міндеттемелерін іске асыруға кірісіп, утиль алым төлеуден түскен қаражатты кәсіпкерлердің қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу саласындағы шығындарын қашан өтейтінін күтіп отыр.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер