ҰКП салалық комитеті көмір саласында өзі-өзін басқару шараларын енгізуді ұсынды
Ұлттық кәсіпкерлер палатасында ҚР ҰКП геологиялық сала, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің 37-ші отырысы өтті.
Жиында ҚР жаңа салық кодексін әзірлеудің өзекті мәселелері, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы шеңберінде отандық тауар өндірушілерді қолдау механизмдері, көмір өнеркәсібін дамытудың өзекті мәселелері, сондай-ақ геологиялық саланы дамыту бағыттарын ҚР 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарына енгізу жөніндегі ұсыныстар, сондай-ақ «Тау-кен металлургия кешеніндегі қазақстандық үлес» форумын өткізуде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоспары қаралды.
Қазіргі кезде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс ҚР жаңа салық кодексін дайындау жұмыстары жалғасып жатыр.
«Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры орынбасарының айтуынша, құжат бірқатар сала үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін көтеру (ТМК қоса алғанда); қосылған құн салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру; жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкаланы енгізу (пассив кіріс бойынша: дивидендтер, сыйақылар, құн өсімі); бірыңғай салық салу базасымен еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем белгілеу сияқты өзгерістерді қамтиды деп күтілуде.
«Тау-кен металлургия кешеніне қатысты мемлекет тарапынан бірқатар жаңашылдық енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, корпоративті табыс салығының мөлшерлемесі артады. Мұнай және газ, қаржы салалары секілді тау-кен металлургия кешеніне 5% салу ұсынылып отыр. Негізгі экспорттаушы сала ретінде тау-кен металлургия кешені үшін салықтың көтерілуі қатты сезілмеуі керек. Біз экспорттаушылар үшін ҚҚС-ты қайтару практикасы оңай емес екенін түсінеміз. Тиісті жұмыс жасалмаса, ҚҚС-ты арттыру салаға да кері әсер етуі мүмкін. Прогрессивті шкала енгізілгенімен жеке тұлғалар мен компания қызметкерлерінің жеке табыс салығына қолданылмауы керек», – деп түсіндірді Максим Кононов.
Сонымен қатар, геология саласы, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің төрағасы, «Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Николай Радостовец салықты арттыру инвесторларды тартуда жақсы тәсіл емес екенін атап өтті.
Николай Радостовец көмір өндіруге және сатуға қосымша бақылау шараларын енгізу жөніндегі уәкілетті органдардың жоспарларын ескере отырып, көмір өнеркәсібінің өзекті мәселелерін көтерді.
Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы энергетикалық көмір бағасын мемлекеттік реттеуді енгізу жөніндегі іс-шараны көздейтін «Бәсекелестік мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасы әзірледі.
Николай Радостовец көмір компанияларының өндірісін қысқартуға және экономикалық белсенділігін қолдауға жол бермеу мақсатында энергетикалық көмірге бағаны реттеуді енгізбеу өте маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар, комитет отырысында алдағы тау-кен металлургия өнеркәсібі форумын дайындау және өткізу мәселелері талқыланды.
Төралқа төрағасының кеңесшісі Жандос Әбішев «Атамекен» ҰКП осы жылдың қарашасында Expo халықаралық көрме орталығының алаңында Тау-кен металлургия кешені кәсіпорындары, отандық тауар өндірушілер, уәкілетті мемлекеттік органдар және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен «Тау-кен металлургия кешеніндегі қазақстандық үлес» форумын өткізу жоспарланып отырғанын айтты.
Форумның мақсаты жер қойнауын пайдаланушыларды сатып алу механизмін жетілдіру, ТМК кәсіпорындары үшін отандық тауарлар мен қызметтерді өндіру бойынша басым инвестициялық жобаларды іске асыру, ТМК мен отандық тауар өдірушілердің бірлескен өндірістерін құру жолымен тау-кен-металлургия кешеніндегі жергілікті қамту үлесін ұлғайту бойынша жаңа тәсілдерді қарастыру.
Форум импортты алмастыру мәселелерін және жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық өндірушілер арасындағы ынтымақтастық перспективаларын кеңінен талқылауға арналған алаңға айналады. Форумға 2000-ға жуық делегат қатысады деп күтілуде.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: