astana-view

Бизнесті арандату: Полиция жастарға алкогольді заңсыз сатып алуға демеушілік жасайды

2023 жылғы 25 Тамыз
6329 просмотров

 Полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық фактісін тіркеу үшін 21 жасқа толмаған жастарға алкоголь сатып алуға демеушілік жасайды. Осы ретте жастарға алкоголь өнімін сатқан сатушы кінәлі танылмайды, жауапқа бизнес, дүкен иесі тартылады.  Бұл мәселе Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінде қаралды.

Кейінгі жылдары Ұлттық палатаға полиция қызметіне қатысты шағымдар түсіп жатыр. Құқық қорғау органдары ҚР ӘҚБтК 200-бабы бойынша алкоголь өнімін сату қағидаларын бұзғаны үшін кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту кампаниясын бастаған. Мемлекеттік органдар әрекетінде жазалау пәрмені байқалады, көп жағдайда деректер өзгертіледі, адамдарды құқыққа қайшы мінез-құлыққа итермелеу немесе оларды кейіннен жауапқа тарту мақсатында кәсіпкерлердің іс-әрекеттері дұрыс бағаланбайды.  

«Полиция қызметкерлері 21 жасқа толмаған жігіттерді бір дүкеннен екінші дүкенге барып, полицейлердің ақшасына алкоголь өнімін сатып алу мақсатында жібергені бойынша фактілер тіркелген. Осылайша құқық бұзушылық жасалды. Демек, полиция қызметкерлері осындай іс-шараларға демеуші болып отыр. Осы жайт жемқорлық қатерін тудырады», – деді Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығының өкілі Ольга Егорова.

 Жиырма бір жасқа дейінгі және тыйым салынған уақытта алкоголь өнімін сатуды анықтаған және тіркеген кезде жастарды әкімшілік теріс қылық жасауға негізсіз тарту фактілері байқалған. Ал жекелеген өңірлерде мұндай әрекет осы құқық бұзушылықтарды жасауға арандатуға дейін барған.

Полиция органдары жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізген. Ал мұндай шаралар қалмыстық істерді ашу және кесу үшін ғана қолданылуы керек. Бұл ретте полиция осындай шараларды қолдана отырып, азаматтарды құқық бұзушылықтар жасауға итермелеуге тыйым салатын «Жедел-іздестіру қызметі туралы» заңды бұзған.

«Полицейлердің бірінші кезектегі міндеті азаматтарды қорғау, қоғам мемлекет мүддесін құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан сақтау. Дей тұрғанмен полицияның жекелеген қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауға бастамашы болды», – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.

ІІМ бұл оқиғалар туралы бұрын білмегендерін айтып, тиісті шаралар қабылдауға, тексеру жүргізуге уәде берді.

Жоғарғы Соттың түсіндіруіне сәйкес, жұмыс беруші еңбек қатынастарының болуына байланысты сатушыға алкоголь өнімін сатуға белгіленген әдепкі қағидаларды бұза отырып мақұлдау берген тұлға ретінде танылады.

Жоғарғы Сот ӘҚБтК-нің 200-бабының жалдамалы жұмысшыларға, алкоголь өнімдерін сату туралы заңнаманы тікелей бұзушыларға қатысты қолданылуын іс жүзінде шектеді. Ал заңда болса кәсіпкер мен оның жалдамалы жұмысшысының жауапкершілігі нақты ажыратылып жазылған.

Кәсіпкерлерді жауапкершілікке тарту жөніндегі заң бұзушылықтармен ұштасқан науқан кәсіпкерлердің конституциялық құқығын бұзуға әкеп соғады. Жыл сайын кәсіпкерлерді әкімшілік іс жүргізу саласына заңсыз тарту тұрақты өсіп келеді. Ал жоғары тұрған және қадағалаушы органдар тарапынан тиісті әрекет жасалып жатқан жоқ.

Қылмыстық процесте конституциялық құқықты бұзғаны үшін прокуратура органдары лауазымды адамдарға ең ауыр талаптар қояды. Ал әкімшілік іс жүргізуде негізгі заңмен қорғалатын жеке және заңды тұлғалардың құқығын бұзған шенеуніктерге жазалаудың ең төмен шарасы да қолданылмайды.  

 Кеңес мүшелері кәсіпкерлерді әкімшілік іс жүргізуге негізсіз тарту, заңнаманы бұзумен байланысты, заңсыз араласу және кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау нысандарының бірі екенін атап өтті, ол үшін жауапкершілік ҚР ӘҚБтК 173-бабында белгіленген.

«ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша алкоголь өнімін сату туралы заңнаманы бұзғаны үшін кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша кампания елеулі құқықтық кемшіліктерге ие. Бизнес субъектілерінің заңдары мен конституциялық құқығын бұзумен байланысты, сауда қызметіндегі бастамашылық қызмет үшін жасанды әкімшілік кедергілер жасайды және сыбайлас жемқорлық, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласумен ұштасады», – деп қорытындылады Қайырбек Сүлейменов.

 Кеңес барысында ІІМ, Бас прокуратура, Жоғарғы Сот және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне бірқатар ұсынымдар айтылды.

Мәселен, Кеңес ІІМ-ге учаскелік полиция инспекторларының қызметін реттейтін ведомстволық нормативтік құқықтық актілерге алкоголь, темекі өнімдерін өткізу және он сегіз жасқа дейінгі адамдарға ойын-сауық іс-шараларына қатысу жөніндегі заңнаманың сақталуы бойынша тексерулер жүргізу тәртібін айқындайтын қажетті толықтырулар мен өзгерістер енгізуге бастамашылық жасауды ұсынды.

Бас прокуратураға ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша әкімшілік іс жүргізуді қарау практикасын талдау, оңалту негіздері бойынша осы санаттағы істердің тоқтатылуының жоғары деңгейіне ерекше назар аудару; талдау қорытындылары бойынша әкімшілік іс жүргізуде кәсіпкерлердің конституциялық құқығының бұзылуына жол беретін лауазымды адамдар мен мемлекеттік органдарға қатысты прокурорлық әрекет ету шараларын қабылдау ұсынылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Ішкі істер қызметкерлері тарапынан кәсіпкерлік қызметті заңсыз шектеу фактілерін анықтау үшін ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша тоқтатылған істерді зерделеу ұсынылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер