astana-view

Оңтүстіктегі қуаңшылықты алдын алмаса суға қатысты жағдай ушығып кетеді

2023 жылғы 31 Тамыз
6229 просмотров

ҰКП өңірлік әкімдіктермен бірлесіп, фермерлермен бірнеше кездесу өткізді. Зардап шеккен әр ауданда құрғақшылық пен шығын көлемін анықтау және шешу үшін «Атамекен» өңірлік палатасының қатысуымен комиссиялар құрылды. Әлемде жыл сайын су ресурстары азайып, климат өзгеріп жатыр. Сондықтан суармалы суға қатысты проблема түбегейлі іс-шаралар қабылдамаса нашарлай береді деп санайды «Атамекен» мамандары.

Жалпы Жамбыл облысындағы жағдай осы жылы Қазақстанның суармалы егіншілігінде жүйелі проблемалардың барын тағы да растады.  Ұлттық кәсіпкерлер палатасы су саласын дамыту жөніндегі шараларды бірнеше рет ұсынған болатын.

Еске салсақ, құрғақшылық пен Қырғызстаннан берілетін су көлемінің қысқаруы суармалы су тапшылығына әкеліп соқтырды. Соның салдарынан  Жамбыл облысының 6 ауданында төтенше жағдай режимі енгізілді. Алдын ала болжам бойынша, 338 фермер зардап шекті, шығындар миллиард теңгеден асады.

«Бүгінде Қазақстанда суаруға су беретін 3298 каналдың жартысынан көбі жөндеуді және қайта жаңартуды талап етеді. Біз суды жеткізудің жер үсті әдісін қолданамыз, бірақ көп жерде су бетонмен қапталған жылға-науалармен ақпайды. Нәтижесінде судың көп мөлшері тіпті өрістерге жетпейді, буланып кетеді немесе жерге сіңіп кетеді. Көріп отырғанымыздай, су тапшылығы жағдайында ситуация өрши түсті», – деді «Атамекен» ҰКП агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Бауыржан Ахметаев.

Ең алдымен, су шығыны мәселесін шешу қажет. Суару желілерін салу және реконструкциялау бойынша жұмыстарды жандандыру қажет. Сонымен қатар айтарлықтай шығынға қарамастан, ашық каналдардың орнына магистральдық құбырларды салу маңызды.

Екіншіден, қоғамдық қатынастарды реттеу және белгілі бір мемлекеттік шараларды қолдану мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін салалық заңдарды қабылдау қажет. Мәселен, Қазақстанда «Жерді мелиорациялау туралы», «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы», «Сумен жабдықтау және су бұру туралы» заңдар жоқ. Кейбір заң жобалары бұрын талқыланған, бірақ, өкінішке орай, сол күйі қабылданбаған. Сондықтан, регламенттеу саланың көптеген мәселесін реттеуге мүмкіндік береді.

Үшіншіден, кадрлар мәселесіне ерекше назар аудару керек, әсіресе салаға гидротехниктер, геологтар, гидрологтар, инженерлер керек. Қазіргі уақытта өңірлерде кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі байқалады.

Төртіншіден, суаруды дамытудың мемлекеттік тәсілін қайта қарау қажет. Барлық канал мемлекетке тиесілі екенін ескере отырып, суару жүйесін жұмыс жағдайына келтіру керек. Бұл ретте ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру және қалпына келтіру кезінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің әлеуетін пайдалану жөніндегі шараларды қарастыру ұсынылады. Ирригациялық желілерді салу саласына жеке инвесторларды тарту мемлекеттік бюджет шығындарын бірнеше есе қысқартуға және суармалы жерлердің ауданын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Су тапшылығынан басқа егістіктерді сақтандыру құралдарына назар аударған жөн.

Мемлекеттік қолдау арқылы ерікті сақтандырудың қолданыстағы құралдары өзінің жоғары тиімділігін көрсетеді. Жыл сайын сақтандыру жағдайының басталғанын растауға байланысты сақтандыру төлемдері өсіп жатыр. Мысалы, егер 2021 жылы фермерлерге сақтандыру төлемдері 824 млн теңгені құраса, 2023 жылы тек екі кезеңнің қорытындысы бойынша (барлығы үш фазалық сақтандыру) төлемдер 2,5 млрд теңгені құрады.  

Алайда, өкінішке орай, бүгінде дақылдарды сақтандыру суармалы жерлерге қолданылмайды. Мысалы, Ресей Федерациясында суару көздеріндегі су болмауы пен судың аздығы сақтандыру тәуекелдерінің тізіміне енгізілген, яғни суару көздеріндегі су деңгейі ауылшаруашылық дақылдарын суару элементтері бойынша су беру мүмкін еместігіне әкелетін деңгейге дейін төмендеген кезде фермерлер сақтандыру төлемдерін ала алады.

Егер Қазақстанда осындай механизмдер қолданылса, Жамбыл облысының фермерлері үшін салдары  жеңілдеу болар еді.

Осыған байланысты Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені үшін өзекті қатерлерді ескере отырып, ауыл шаруашылығындағы сақтандыру құралдары жетілдіріліп, кеңейтілуі тиіс деп атап өтті ҰКП мамандары.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер