astana-view

Бөлшек салығын жетілдіре түсу керек – Ұлттық палата

2023 жылғы 01 Қыркүйек
5447 просмотров

 Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары Президенттің бүгін айтқан жолдауын тыңдады. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық тапсырмасы палата ұсынған бастамаларын толық көрсететінін атап өтті.

 «Біз қосымша құн салығын қайтару процедурасының қиындығы туралы мәселені бірнеше рет көтердік. Бұл мәселені шешу және салықтық әкімшілендірудің бүкіл жүйесін сервистік модельге толығымен қайта бағыттау қажеттігін айттық. Қызмет көрсету моделі қатып қалған нәрсе емес. Бұл модель қоғамға және бизнес-ортаға жаңа технологияларды енгізуді ескере отырып, біз үнемі жетілдіріп отыруымыз керек үдемелі процесс», – деді Тимур Жаркенов.

 Спикер Ұлттық палата қазіргі кезде ҚР Қаржы, Ұлттық экономика министрлігі және Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, 2025 жылы жұмыс істеуге тиіс жаңа Салық кодексін әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

 Соныен қатар Тимур Жаркенов осы жылдың наурызында енгізілген бөлшек салық туралы пікір білдірді.

 «Президент жолдауында бөлшек салық туралы айтылғанына қуандым. Бұған дейін біз басқа қызмет түрлеріне ЭҚТЖ (Экономикалық қызмет түрлерінің жіктеуіші) санын ұлғайту арқылы бөлшек салықты қолдануды кеңейту туралы өтініш білдірген болатынбыз. Қазір олардың саны 190. Сонымен қатар, біз бөлшек салықтың мөлшерлемесін оңтайландыруды ұсындық. Осылайша салықтың белгіленген мөлшерлемесін ғана емес, сонымен бірге алынған пайдаға «кірістер минус шығыстар» формуласы бойынша салық салуды қарастырамыз. Егер біз осы опцияны енгізе алсақ, ол ШОБ жұмысының тамаша механизмі болады. Осылайша, біз ҚҚС шегі бойынша мәселені шешеміз және бизнес-жұмысын жеңілдетеміз», – деді спикер.

 Тимур Жаркенов бөлшек салық шарттарының нашарлауына жол беруге болмайтынын атап өтті. Арнайы салық режимін тек жетілдіре түсу керек.

Еске салсақ, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауында сөз сөйлеп, онда фискалдық органдар мен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшуді қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Мұндағы мақсат – жазалау емес, ескерту.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер