astana-view

СТ-KZ және Индустриялық сертификатты сақтап қалу керек – отандық кәсіпкерлер

2023 жылғы 25 Қыркүйек
9369 просмотров

Ұлттық палата алаңында отандық өндірушілер мен салалық қауымдастықтардың қатысуымен қазақстандық тауарлардың тізілімін құруды көздейтін реттеуші саясаттың консультативтік құжаты талқыланды. Бұл құжатты Сауда министрлігі әзірлеген.

Сауда министрлігінің ұсынысы бойынша қазақстандық тауарлар тізілімі қазіргі уақытта қолданыстағы Индустриялық сертификат пен СТ-KZ сертификатын алмастыруы тиіс.

Қауымдастықтар мен отандық өндірушілер қазақстандық тауарлардың тізілімін құруды қолдамады. СТ-KZ және индустриялық сертификатты сақтауды жақтап, қолданыстағы екі құжатты жетілдірумен шектелу керегін айтты.

Талқылауда отандық өндірушілер ресейлік модель негізінде құрылған жаңа тізілімді құруға үзілді-кесілді қарсы болды.

Талқылау барысында мемлекеттік органдар ұсынған механизм шикі екені айтылды. Өйткені онда Тізілімге өтуге рұқсат беретін бір ғана критерий – технологиялық операцияларды орындау ғана қарастырылған.  Алайда барлық тауарларға дерлік технологиялық операцияларды жазып шығу мүмкін емес. Мысалы, Ресейде осыған ұқсас тізілім 2015 жылдан қолданылып келеді, оның үстіне өнеркәсіп те анағұрлым дамыған. Тізілімге 11,5 мың кодтың 2  мың коды енгізілген.

Жиында Сауда министрлігінің Тізілімі тауардың шығу түбін растаудың жаңа мезханизмі деп атауға болмайтыны атап өтілді. СТ-KZ сертификатын беру жөніндегі қолданыстағы механизм айырмашылығы мұнда бір ғана критерий – технологиялық операциялар ғана қолданылады. Ал СТ-KZ сертификатын алуға 3 критерий қарастырылған.

Ал Сауда министрлігінің ұсынысын іске асыру үшін заңдарға өзгерістер енгізу қажет, сонымен қатар жаңа талапқа көшіп, жаңа құжатты алу үшін бизнес қаржылай және уақыттық шығынға ұшырайды.

«Тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасына реттеушілік саясаттың консультативтік құжатына ескертулер мен ұсыныстарды мына мекенжай бойынша https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14704678 интернет-порталында ұсынуға болады.

 

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер