astana-view

Төтенше жағдайға дайындық: Шымкентте дәрі-дәрмектің шұғыл қорын жасақтау жұмыстары қолға алынады

2023 жылғы 21 Қыркүйек
- Шымкент қаласы
6974 просмотров

Төтенше жағдай туындаған өңірде дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры болуы аса маңызды. Сол үшін дәрілер мен медициналық бұйымдардың қолда бар қорын жасақтау қажет.

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында осы мәселе көтерілді. Басқосуға Палата өкілдері, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мен фармацевтикалық компания жетекшілері қатысты. Палата жанындағы денсаулық сақтау кеңесінің төрағасы Бекайдар Нұрмашев жүргізген жиында қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков биыл Түркияда болған жағдайды мысалға алды.

– «Жаман айтпай, жақсы жоқ», кенет төтенше жағдай туындаса зардап шеккендерге көмек көрсетуде дәрі-дәрмектің орны бөлек. Медициналық өнімдер үнемі қолжетімді болуы үшін олардың қосымша қорын жасақтау маңызды. Себебі, төтенше жағдайға арналған қорды жасақтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Ал біздің мақсатымыз – қосымша қорды әзірлеп отыру, – деді Нұрлыбек Асылбеков.

Маманның айтуынша, төтенше жағдай кезінде басқа ғимараттармен бірге арнайы қойма да бүлінуі мүмкін. Сондай кезде қаланың әр жерінде орналасқан жекелеген фармацевтикалық компаниялардың қоймаларынан көмек алуға болады. Жиынның мақсаты да осы – арнайы қоймаға қосымша қорды әзірлеу.

Сарапшылардың ұсынысы бойынша жеке фармацевтикалық компаниялар өздерінде бар дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар тізімін ұсынады деп күтілуде. Ал жауапты орган жетекшілері қажет болғанда сол өнімдерді пайдаланудың жолын қарастырады.

Ол үшін компанияларға ақы төлеу көзделген. Шымкент қалалық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы өкілдерінің айтуынша, осы мақсатта үш жақты келісім түзілмек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер