astana-view

Ерұлан Жамаубаев кәсіпкерлер көтерген мәселелерді қолдады

2023 жылғы 22 Қыркүйек
8243 просмотров

ҚР премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбековтың қатысуымен бизнестің түйткілді мәселелеріне қатысты жиын өтті.

Жиында «Жалпыға бірдей білім беру»  бағдарламасы арқылы отандық тауар өндірушілерден мектеп формасын сатып алу; мектепке дейінгі білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесі; туризмде мемлекеттік қолдау шаралары бойынша өтінімдерді қабылдау мерзімдерін қайта қарау; туризмде мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде талаптарды өзгерту; ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және басым туристік аумақтарда инвесторлар тұрғызатын туристік объектілерге инфрақұрылым жүргізуге арналған шығындарды өтеу тетігін әзірлеу туралы мәселелер қаралды. 

«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры Алматы Асқар 2023 жылы отандық тауар өндірушілерден мемлекеттік тапсырыс есебінен мектеп формасын сатып алу механизмі іске асырылмағанын айтты. Бұл ретте, 2019-2021 жылдары Астана қаласында іске асырылған «Жалпыға бірдей білім беру» бағдарламасының пилоттық жобасының мысалында отандық тауар өндірушілерден мектеп формасын алу бойынша оң үрдіс байқалды. Талқылау қорытындысы бойынша мәселе оң шешілген жоқ. Сонымен қатар, Білім, өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, мектеп формасын өндірушілерді қолдаудың ықтимал механизмдерін ұсыну тапсырылды.

«Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов Білім министрлігінің Мектепке дейінгі білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесіне қатысты мәселені көтеріп, жеке балабақшалардың құрылтайшылары жабдық, қазандықтарды ағымдағы және күрделі жөндеу, жоспарлы және жоспардан тыс ауыстыру бойынша шығындарды өз қаражатынан төлеуге мәжбүр екенін атап өтті. Бұл ретте ол Ұлттық палатаның орта білім беру үшін есептеу алгоритмінің ұқсастығы бойынша әдістемеде ғимарат пен жабдық бойынша амортизациялық шығыстарды есепке алу туралы ұсынысын айтты.

Білім министрлігінің бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш Білім министрлігі амортизациялық шығындарды өтеу бөлігінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне өзгерістер енгізуді пысықтап жатқанын хабарлады. Министрліктің алдын ала есептеулері бойынша мұндай өтемақы 2023 жылы 37 млрд теңгені, 2024 жылы 40 млрд теңгені қажет етеді.

«Атамекен» ҰКП туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова туризмде мемлекеттік қолдау шараларын іске асырудың түйткілді мәселелерін айтты. Онда 4 шара бойынша өтінімдерді қабылдау мерзімі 1 наурызға дейін белгіленген, Кәсіпкерлер үшін кедергі артық талаптар бар. Сондай-ақ өңірлік комиссиялардың құрамын бекіту мәселелерін реттеу қажеттігі айтылды.  Комиссиялардың құрамы кеш бекітіледі, осы себепті өтінімдер қабылданбайды, яғни мемлекеттік органдар тарапынан комиссияларды уақтылы құру және кәсіпкерлерден өтінімдерді қабылдауға мүдделілік жоқ.

  Соның салдарынан кейбір өңірлерде туристік саланың мүдделі субъектілерінің екінші жылдан бері субсидия алуға өтінім беру мүмкіндігі жоқ. Өтінім беру мүмкін болмағандықтан, кәсіпкерлер бұл шараларды саланы дамыту үшін тиімді емес деп санайды. Сонымен қатар, төлемдерді күтудің ұзақ мерзіміне (шамамен 2 жыл) және ЖСҚ әзірлеудің жоғары құнына байланысты бұл шара тартымсыз және бизнесті ынталандырмайды.

Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП мамандары а/ш субсидияларының ұқсастығы бойынша барлық процесті цифрландыру, өңірлердің әкімдіктеріне бюджеттік өтінімдерді алдын ала қалыптастыру үшін деректер базасын құру мақсатында жоспарланатын және басталған объектілерді салу мерзімдері бойынша мониторинг жүргізу, туристік саланы мемлекеттік қолдаудың төрт шарасы бойынша өтінімдерді қабылдау мерзімін ұзарту, барлық талапты қайта қарау және өңірлік комиссиялардың құрамын бекіту мәселесін реттеу, өтінімдерді қабылдауды бұзу бойынша тәуекелдерді болдырмауды ұсынды.

Экологиялық туризмді дамыту, сондай-ақ отандық инвесторларды қолдаудың маңызын ескере отырып, кәсіпкер Жәнібек Әлкеев айтқан мәселені Үкімет қолдады. Вице-премьер Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік органдарға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі шеңберінде ерекше қорғалатын табиғи аймақтар аумағындағы туристік объектілерге инфрақұрылымды жүргізуге арналған шығындарды өтеу тетігін әзірлеу мүмкіндігін қарауды тапсырды.  Ұлттық экономика министрлігі үйлестіруші болып айқындалды.

Мемлекет басшысының туризмді дамытудың маңызы және бизнес үшін қолдау шараларының тиімділігін арттыру қажеттілігі туралы жолдауын ескере отырып, барлық хаттамалық шешім жұмысқа қабылданып, жедел шешіледі деп күтеміз.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер