astana-view

Ақмола мамандары тәлімгерлер мектебі аясында оқуға қатысты

2023 жылғы 22 Қыркүйек
- Ақмола облысы
17608 просмотров

Степногорск қаласында тәлімгерлер мектебі аясында кәсіпорын мамандары екі күндік оқуға қатысты. Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы тренингі «Степногор подшипник зауыты» АҚ базасында ұйымдастырды.

Оқу машина жасау, металлургия салалары кәсіпорындарының қызметкерлері үшін «Жұмыс орнында оқыту педагогикасы. Тәлімгер-мамандарды аттестаттау» біліктіліктері бойынша өтті. «Атамекен» ҰКП мен Трир (Германия) Қолөнер палатасының бірлескен жобасы аясында сертификатталған тренер-мультипликатор, адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ләззат Шонаева өңірдің түрлі кәсіпорындары мен өндірістерінен 19 тәлімгер дайындады.

«Біздің кәсіпорын үшін семинардың өзектілігі сөзсіз. Тәлімгерлік – біз үшін мамандарды қолдаудың негізгі құралы. Оқу нәтижесінде алған тәжірибеміз бен біліміміз тәлімгерлер үшін өте құнды. Тренер-мультипликатор Ләззат Шонаева пайдаланатын материалдың мазмұны ұнады, барлығы тиянақты, түсінікті. Іскерлік ойынды ұйымдастырғаны үшін жеке алғысымды айтамын», – деп бөлісті «Степногор подшипник зауыты» АҚ Персоналды басқару бөлімінің бастығы Анна Кислова.

«Біз көптеген жаңа нәрсені білдік, бұл  білік жастардың бейімделуінде пайдалы болатыны сөзсіз. Оқу барысында біз команда болып жұмыс істедік, сөздің жақсы мағынасында бәсекелестік рухы болды. Біз өндірісте болуы ықтимал жанжалды жағдайларды сараладық, бір күндік оқу жоспарын жасадық. «Атамекен» ҰКП оқытушыларының жоғары кәсіби деңгейін атап өткім келеді. Бұл тәжірибе бізге тәлімгерлікте ғана емес, жеке өмірімізде де пайдалы болады деп ойлаймын», – деді «Степногор подшипник зауыты» АҚ техникалық бақылау бөлімінің ауысым бастығы Татьяна Кунгурцева.

Еске салсақ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тәлімгерлер  мектебін отандық кәсіпорындардың өнімділік деңгейін арттыру, өндірістегі білікті тәлімгерлердің тапшылығы мәселесін шешу мақсатында құрған.

«Тәлімгерлік институтының көмегімен жаңа қызметкерлерді өндіріске бейімдеу және оқыту бойынша ұйымдастырушылық міндеттер ойдағыдай шешіліп жатыр, кәсіпорындардың кадрлық саясаты іске асырылуда, мамандардың жиі жұмыстан кету деңгейі төмендеді, өндірістердің әлеуеті дамып жатыр», – дейді Ләззат Шонаева.

Өңірлік палата «Атамекеннің» бастамаларын қолдағаны және семинар өткізу үшін база ұсынғаны үшін «Степногор подшипник зауыты» АҚ-ға ерекше алғыс білдірді.
Ол аяқталғаннан кейін барлық қатысушылар тәлімгер сертификаттарын алды және «Атамекен» ҚР ҰКП жанындағы тәлімгерлер тізіліміне енгізілді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер