Ауыл шаруашылығы министрлігі кәсіпкерлер үшін монополиске айналды
Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңадан құрылған «Жерді зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізудің мемлекеттік институты» шаруашылық құру құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынға – ведомстволық бағынысты ұйымына қазіргі кезде нарықта жеке кәсіпкерлік субъектілері жүзеге асырып жатқан қызметтерді беруді жоспарлап отыр.
Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі қайта құрылған «Жерді зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізудің мемлекеттік институты» ШЖҚ РМК қызметтеріне бағаларды белгілеу бойынша жария тыңдау өткізді.
2023 жылғы 5 сәуірдегі заңмен «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ-тың монополиялық қызметі Цифрлық даму министрлігінен Ауыл шаруашылығы министрлігіне өтті. Атап айтқанда, АШМ жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетінің қарамағына бірқатар қызмет пен жұмыстың түрі берілді. Енді экономикалық бағалауын қамтумен жер сапасын есепке алу; жерге мониторинг жүргізу; топыраққа геоботаникалық зерттеулер жүргізу; агрохимиялық зерттеулер жүргізу; топырақ сапасын бағалау жұмыстары жеке сектордан алынып, мемлекетке өтеді.
АШМ бұл жұмыстарды қайта құрылған «Жерді зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізудің мемлекеттік институты» ШЖҚ РМК арқылы жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұған дейін РМК жоғарыда аталған қызметтермен ғана айналысады деп мәлімделген. Бұл қызметтер заң бойынша қызметтің монополиялық түрі болып саналады. Ал жақында өткен тыңдауда баға, соның ішінде бәсекеге қабілетті жұмыс түрлерін бекіту туралы мәселе көтерілді.
Атап айтқанда, жер пайдаланушылардың құрылуы бойынша жобалар жасау, жер учаскелерін мемлекеттік меншіктегі жерлерден беру кезінде олардың шекараларын белгілеу және ішкі шаруашылық жерге орналастыру жобаларын әзірлеу. Бұл қызметтердің бәрін қазір жеке кәсіпкерлік субъектілер іске асырып жатыр.
«АШМ өкілдерінің бұл әрекеті ҚР Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген адал бәсекелестікті жүзеге асыру үшін жағдай жасау қағидаттарына, сондай-ақ «Yellow Pages» енгізу қағидаларына қайшы келеді. «Yellow Pages» қағидаларына сәйкес жеке сектор жұмыс істей алатын жерде мемлекеттік кәсіпорындардың араласуы шектелген», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Ернұр Әбжан.
Сарапшының айтуынша, Ұлттық палата Ауыл шаруашылығы министрлігіне заңнамада көзделген монополияға қарсы органның қорытындысы алынбаған жұмыстар мен қызметтердің бағаларын бекітуге жол бермеуге қатысты ескертулерін жолдады.
«Қоғамдық тыңдау барысында да «Атамекен» ҰКП өкілі ескерту айтты, олар қорытынды хаттамаға енгізіледі. Енді АШМ Заңда қарастырылмаған жолмен жүріп, РМК қызметін іске асыруға сәйкес рұқсат құжаттарды алуға ниетті. Қызмет жүргізуге рұқсат берілсе, ведомство көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу тақырыбын қайта көтереді», – деді Ернұр Әбжан.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: