astana-view

Штат қысқарту, миллиард шығын: Өнеркәсіп министрлігінің арнайы тауарлардың жаңартылған бақылау тізімі бизнеске кедергі келтірді

2023 жылғы 29 Қыркүйек
7765 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атына импорттаушылар, экспорттаушылар, отандық тауар өндірушілердің өтініштері түсті. Электроника, аяқ киім және басқа да тауармен айналысатын кәсіпкерлер осы жылдың жазында ұлғайтылған арнайы тауарлардың жаңартылған бақылау тізіміне байланысты келісімшарттарды орындай алмай отыр. Тауарлар уақытша сақтау қоймалары және тауар өндірушілердің қоймаларында қалып қойды.

Ұлттық палатаның алаңында кәсіпкерлер проблемаларын бөлісті. Мәселені шұғыл шешу керек. Алайда, уәкілетті мемлекеттік органның, атап айтқанда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі кездесуге келмеді.

«Кәсіпкерлерге және мүдделі мемлекеттік органдарға алдымен түсіндіру керек еді деп санаймыз. Процестерді бейімдеу және реттеу, техникалық проблемаларды жою, өзгерген жағдайларға бейімделу үшін кемінде 2-3 ай мерзім беру қажет... Бұл тізімге енген барлық тауар іс жүзінде қос мақсаттағы тауарлар емес. Бірақ олар уақытша сақтау қоймалары мен тауар өндірушілердің қоймаларына тәуелді болды. Бизнес тауарды уақытылы жеткізе алмай, миллиардтаған шығынға ұшырайды. Мұның бәрі соңында сөреде тауарлардың қымбаттауына әкеледі», – деп түсіндірді «Атамекен» ҰКП Сауда департаменті директорының орынбасары Ирина Тюгина.

Оның айтуынша, өзгеріс енгізілді, бірақ оның алгоритмі бизнеске жеткізілмеген: егер СЭҚ ТН кодтары бақылау тізіміне енгізілген тауарлар іс жүзінде қос мақсаттағы тауарлар болмаса, не істеу керек.

Электроника тасымалдайтын компанияның өкілі Қаншайым Беркімбаеваның айтуынша, оларға жаңартылған тізімді ешкім түсіндірмеген. Салдарынан Қазақстанға тауар және оның қосалқы бөлшектерін әкеле алмай отыр. Экспорт бұғатталған және компания клиенттердің алдындағы міндеттерін орындай алмайды.

«Реттеуші нормаларды қабылдау үлкен асығыспен жасалып, халықаралық тәжірибені сәтсіз көшіру болған сияқты... Егер қандай тәжірибе алынған болса, кемшіліктерді түзету үшін нақты ұсыныстар жасауға көмектесе аламыз. Қазір бізде 19 мыңға жуық тауар атауы осы тізімге енді. Неліктен реттеушілік әсер талданбай, Кәсіпкерлік кодекстің талаптарын бұза отырып енгізілді? Цифрлық жүйенің өзі Рұқсаттар мен түсініктемелер беруге арналған өтініштерді өңдеуге дайын емес, іс жүзінде бұл уәкілетті мемлекеттік органдардың әрқайсында бір немесе екі орындаушы бар», – деді Қаншайым Беркімбаева.

Аяқ киім сататын компания да осындай сұрақтарға жауап таппады. Кәсіпорын өндіретін балалар ассортиментіндегі аяқ киімдер осы тізімге ілікті. Енді олар клиенттеріне тауар жеткізе алмайды. Егер жағдай шешілмесе, компания қызметкерлерді қысқартуға және бірнеше дүкенді жабуға мәжбүр болады.

«Біз өзіміз өндіретін тауарды сатамыз, Қазақстанның қырықтаан аса дүкеніне аяқ киімімз қойылған. Неге тап болдық? Арнайы аяқ киім тізімі енгізілгеннен кейін балалар аяқ киімі осы тізімге енді. Қазіргі таңда тауардың 60-қа жуық позициясы. Біздің келісімшарттар бойынша міндеттеріміз қалай орындалады? Аяқ киімді сырттан әкеле алмаймыз, өйткені тауарға ілеспе құжатты қалыптастырған кезде бағдарлама бізді қабылдамайды, себебі мұндай тауар қос мақсаттағы тізімге енгізілген. Бізге неге мұндай аяқ киім осы тізімге енгізілгені түсініксіз? Бұйрық пен басқа да құжаттарды зерделедік. Бұл құжаттардағы аяқ киім біздің аяқ киімімізге технология бойынша және басқа параметрлер бойынша мүлдем сәйкес келмейді... Қазір бұл маусымдық тауар, оны түпкі тұтынушыға жеткізе алмай отырмыз. Тауар тұр. Маусымында сатып үлгермесек, қалып қояды. Демек, барлығы мөлшерлемеге келіп тіреледі. Сатылмаған тауардың шығыны көп. Жағдай шешілмесе, қызметкерлерді қысқартып, дүкендерді де азайтуға мәжбүр боламыз», – деді «Каспий-обувь» ЖШС өкілі Ирина Баркова.

Кәсіпкерлер мемлекеттік қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету қажеттігін жоққа шығармайды. Бұл ретте жағдайды реттеу үшін жедел шаралар қабылдауға шақырады:

  • тауар қос мақсатты тауар болмаса, кәсіпорындарға не істеу керегі туралы ақпарат;
  • арнайы тауарларды сәйкестендіру туралы қорытынды алу үшін негізсіз ұзақ мерзім көзделген – 7/15 жұмыс күні;
  • лицензия алу мерзімі – 30 жұмыс күні;
  • лицензия алуда кәсіпкерлер техникалық қатеге тап болды;
  • лицензия алу талаптары жеке және заңды тұлғалар үшін бөлінбеген және бірқатар жеткізуші ол талаптарды орындай алмайды.

Сарапшылардың пікірінше, заң шығарушы – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі осы НҚА-ны қабылдауға асығып, заңнама нормасын бұзған, атап айтқанда, кейінге қалдыру нормасын қолданбаған.

Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар мәселені шұғыл шешуді талап етіп, Үкімет басшысына хат жолдауды ұйғарды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер