astana-view

Кәсіпкерлер сыртқы электрон сауданы реттеудің жаңа қағидаларына алаңдайды

2023 жылғы 23 Қазан
5502 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында Қазақстандағы электрон сауданың әлеуетті операторлары – экспресс-тасымалдаушылардың қатысуымен жиын өтті. Олар сыртқы электрон сауданы ұлттық деңгейдегі реттеудің жаңа қағидаларын енгізуге және ұлттық электрон сауда операторының жаңа институтын енгізуге алаңдаушылық білдірді.

Экспресс-тасымалдаушылардың пікірінше, электрон сауда операторына қойылатын жаңа талаптар ауыр. Оның салдары бір компанияның нарықты монополиялауына алып келеді. Сондай-ақ, Қазақстанда сыртқы электрон сауда саласында пилоттық жоба іске қосылмағанына байланысты қалыптасқан жағдай да алаңдаушылық туғызады.

2020 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында сыртқы электрон сауда мәселелерін реттеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.  Қазіргі кезде сыртқы электрон сауданы реттеу мәселелері бойынша ЕАЭО Кеден кодексі туралы келісімшартқа (Хаттама жобасына) өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасына қатысты  жұмыс аяқталды.

Хаттама жобасының жаңашылдығы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде жаңа құқықтық институт – электрон сауда операторы – электрон саудаға кәсіби қатысушылардың ерікті бірлестігін құру. Электрон сауда операторы кешенді түрде шетелдік интернет алаңдарда жеке тұлғалар сатып алатын тауарлармен операциялардың логистикасын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ электрон сауда тауарларын кедендік декларациялау және сақтау процестерін қамтамасыз ете отырып, шетелдік маркетплейстер және кеден органдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

ЕЭК өкілдерінің пікірінше, электрон сауда операторы институтын құру нарықтың дамуын жеделдету, трансшекаралық интернет-сауданы және кеден қоймаларын дамытуға көмектеседі.

Хаттама жобасы электрон сауда операторына қойылатын талаптар, электрондық сауда тауарларын уақытша сақтау, кедендік декларациялау және шығару ерекшеліктері, кеден қоймасының кедендік рәсімін қолдану ерекшеліктері, сондай-ақ кедендік төлемдерді қолдану ерекшеліктерін айқындайды.

Хаттама жобасы:

- сыртқы электрон сауда шеңберінде сатып алынған тауарларды реттеудің ерекшеліктерін айқындай отырып, тауарлардың жекелеген санатына бөлу;

- «электрон сауда тауарларына декларацияны» енгізу;

- электрон сауда тауарларын шетелдік маркетплейстерде сатып алған жеке тұлғаларға кейіннен жеткізу үшін электрон сауда тауарларының партияларын ұлттық электрон сауда операторының кеден (бонд) қоймасына алдын ала жеткізу мүмкіндігі;

- Жеке тұлғаларға кедендік (бонд) қоймаларды пайдалана отырып, электрон сауда тауарларын өткізу мүмкіндігін қамтамасыз етуді айқандайды.

Бұл схеманы жеңілдетудің бірі тауарларды қоймадан алушыға жөнелту және ұлттық электрон сауда операторының кедендік декларацияны «кейінге қалдыруы» болмақ.

Жеке тұлға өз бетінше не кеден өкілі арқылы өзі шетелдік маркетплейсте сатып алған тауарларды кедендік декларациялауды жүзеге асыруға құқылы. Сондай-ақ, жеке тұлғаның шетелдік маркетплейсте сатып алған тауарларын ЕАЭО-ға мүше мемлекетте (Қазақстан Республикасында) орналасқан бонд қоймасынан алу мүмкіндігі көзделген.

Жеке тұлғаға бонд қоймасынан жеткізілетін тауарларға қатысты ЕАЭО Бірыңғай кедендік тарифі бойынша кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы алым, өтемақы баждары төленеді, сондай-ақ тыйым салу мен шектеу сақталуға тиіс. Жеке тұлға мұндай тауарларды бонд қоймасынан қысқа мерзімде алады, бірақ олардың құны айтарлықтай жоғары болады.

Хаттаманың жобасы бойынша ЕАЭО елдерінде мемлекетішілік келісу рәсімі аяқталды, қазіргі уақытта мемлекетішілік қол қою рәсімі жүргізіліп жатыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер