astana-view

Алматы өндірушілері республикалық көрме-байқауына қатысып жатыр

2023 жылғы 27 Қазан
- Алматы қаласы
8971 просмотров

 Елордада «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы басталды.

Биыл Алматы қаласын өңірлік кезеңде жеңіске жеткен 9 компания ұсынылды: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында – «Мed365» ЖШС, «Қазақстандық құбыр жүйелері» ЖШС, «City Stone» ЖШС; «Халыққа арналған үздік тауарла» номинациясында – «Microhim» ЖШС, «Black biotechnology» ЖШС, «Teplostil» ЖШС, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша – «Red Dragon Almaty» ЖШС, «Шарын шырыны» жеке кәсіпкерлігі және «Оganic Foods» ЖШС.

«Алматы қаласын ел ішінде де, шетелде де танылған брендтері бар компаниялар ұсынады. Олардың арасында байқауға әр жылдары қатысқан тәжірибелі конкурсанттар, сондай-ақ байқауға алғаш рет  қатысып жатқан компаниялар бар. Алматылықтарға жеңіс тілейміз!», – деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы төрағасының міндетін атқарушы Нариман Ибрагимов.

Өңірлік іріктеудің финалисті, «Red Dragon Almaty» ЖШС Алматы компаниясы көрме-байқауға бірнеше рет қатысқан. 2018 жылы компания «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленді.

 «Танымал брендіміз бар. Барлық шикізат отандық жеткізушілерден сатып алынады. Біз әр түрлі салмасы бар Вок-кеспе жасаймыз. Сапа саласындағы байқаулар, ең алдымен, бренд танымалдығын арттыруға және іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал етеді деп санаймын. Қатысудың артықшылықтары ғана бар. Биыл көрмеде өте үлкен ассортимент ұсынылды, бұл қуанарлық жайт», – деді «Red Dragon Almaty» басқарушы директоры Әлия Алтынбаева.

Еске салсақ, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы №194 жарлығымен құрылған. Республикалық кезеңде байқау ұйымдастырушының сарапшылық тобының мүшелері 27 финалист ішінен онлайн-дауыс беруге қатысу үшін үш номинация бойынша үздік тоғыз өндірушіні анықтайды.

«Онлайн-дауыс беру 29 қазан мен 5 қараша аралығында өтеді. Еліміздің әр тұрғыны өзіне ұнаған компанияға өз дауысын бере алады. Ал соңғы, төртінші кезеңде «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының 9 дипломанты анықталады», – деді Алматы кәсіпкерлер палатасының ҰКП мүшелерімен жұмыс жөніндегі жетекші сарапшысы Самал Урасаева.

Республикалық көрме-байқау 27-28 қазанда Астана қаласында «Экспо» көрме орталығының алаңында өтеді.

  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер