astana-view

Иранның жиһаз жасау бизнесі маңғыстаулық кәсіпкерлермен әріптестік орнатуға мүдделі

2023 жылғы 13 Қараша
- Маңғыстау облысы
10078 просмотров

Иран Ислам Республикасының жиһаз және ағаш өнеркәсібі өкілдерінен құралған сауда делегациясы Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдермен кездесті. Басқосуда екіжақты экономикалық, сауда қарым-қатынасын дамытуға ұсыныс жасалды.

«Иранда 300-ден 1000 адамға дейін жұмыс істейтін кәсіпорындар бар. Аса ірі бизнес өкілдері маңғыстаулықтарды өз елдеріне шақырады. Бірлескен форум өткізуге қызығушылық танытуда. Маңғыстау кәсіпкерлерімен бірге жұмыс істеуге дайын»,- дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аққу Айтжанова.

Ирандық бір топ кәсіпкер өз жұмыс барысы туралы видеороликтер көрсетіп, жиһаз бен ағаш өнеркәсібінің қыр-сырымен бөлісті. Атадан балаға мұра боп келе жатқан көпжылдық бизнестер өздерінің даму жолдарын баяндады.

«1960 жылы ашылған жиһаз зауытымыз бар. 180 кеңсесі жұмыс істеп тұр. Шикізаттарды өңдеп, зауытқа әкеледі. Жиһаздың 70 түрін жасап береміз. Басшыларға арналған жұмсақ орындықтардан бастап, оқушыларға арналған үстелдерге дейін шығарамыз. Кәсіпорын аумағы 10 гектар жерді алып жатыр. Иран Парламентінің жиһаздарын, танымал ғимараттардың үстел мен орындықтарын жасап шығардық. Тәжірибеміз мол»,- деп атап өтті кәсіпкер Сохейл Абеди.

«Біздің елде жиһаз жасау саласында мүмкіндік мол. Арнайы аймақтар ашылған. 100 мыңнан аса кәсіпорын осы саланы дамытып отыр. Үлкен жәрмеңкелер өтеді. Соған келуге шақырамыз. Иран экономикасының 8 пайызын жиһаз жасау саласы құрайды»,- деді Иран Ислам республикасы Сауда Кәсіподағының директоры Мохаммадали Асланбейги.

Тараптар алдағы уақытта бірқатар бірлескен шара өткізуге уағдаласты. Алыс-беріс пен барыс-келіс артып, екі елге де тиімді сауда байланысы ынтымақтастығын орнатуға мүдделі екендерін ашық айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер