astana-view

2023 жылы Ақмола кәсіпкерлерінің құқығы 600 млн теңгеге қорғалды

2024 жылғы 10 Қаңтар
- Ақмола облысы
17334 просмотров

Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасында өткен жылдың қорытындысы айтылды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметінің басым бағыттарының бірі – бизнес құқығын қорғау екені белгілі. 2023 жылы Өңірлік палатаға 402 өтініш келіп түсті, 245-тен оң нәтижеге қол жеткізілді (61%). Қорғалған мүліктік құқық сомасы 589 млн теңгеден асты. Дәстүр бойынша өтініштер құрылымында жер мәселелері басым (33%). Содан кейін салық салу (19%), сатып алу (11 %), АӨК мәселелері, оның ішінде субсидиялау (17%), логистика, ТКШ (15%), сондай-ақ құқық қорғау органдарына шағымдар (5%) құрайды.
Ең өзекті мәселелердің бірі – жер ресурстарын басқару облыстық департаментінің желісі бойынша. Атап айтқанда, аумақтарды дамыту бағдарламалары бойынша жер пайдалану құқығын алған және бұл ретте мемлекеттік органдар тарапынан қолдау таппаған агробизнес субъектілерінің проблемасы.


«Жер ресурстарын басқару комитетіні позициясы наразылық тудырады. Өйткені дәл осы орган өңірдің жер мәселелеріндегі барлық проблемаға, жергілікті атқарушы органдардың саясатына, көптеген шаруашылықтың жер учаскелерін адал игеруіне қарамастан, кәсіпкерлерге қатысты талап-арыз жазуды жалғастырып келеді. Нәтижесінде сот шешімі бойынша жер алынады, әкімдіктің әрекеті заңсыз деп танылады, келісімшарттар жарамсыз қалады. Бұл жайт іс жүзінде бизнес субъектілерінің банкроттығына әкеп соғады. Бұл мәселені біз биыл да назарымызда ұстайтын боламыз», – деп атап өтті ӨКП директорының орынбасары Расул Сыздықов.


Айта кетейік, АӨК саласындағы түйткілдімәселелер салалық кеңес барысында да қарастырылады. Өткен жылы оң шешілген мәселелердің қатарында - «Gosagro.kz» цифрлық платформа мәселелері бар.


«Атап айтқанда, бұл порталға бірнеше шот-фактураны жүктеу, gosagro-ны ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу жүйесімен интеграциялау, тыңайтқыштарды енгізу нормалары, өсімдіктерді қорғау құралдарын және тыңайтқыштардың құнын субсидиялау нормаларын қол режимде қосу қажеттілігі», – дейді АӨК бөлімінің бастығы Жайсан Бекқожин.


Жанармай сапасы бойынша да мәселе шешілді. Осы мәселені талқылағаннан кейін ӨКП алаңында Павлодар МӨЗ-ден Ақмола облысына ЖЖМ жеткізу көлемі ұлғайтылды, оның сапасы солтүстік өңірдің климаттық жағдайлары бойынша анағұрлым қолайлы.

Кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау шеңберінде 2023 жылы Көкшетау қаласының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы 1128 сервистік қызмет көрсетті, аудандық кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында 13129 ақпараттық-консультациялық қызмет көрсетілді.

ӨКП жанынан жұмыс істейтін әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында 446 әйел қызмет алды, оқу курстарында 158-ге жуық қызмет алушы жаңа мамандықтарға ие болды.


«Палата кәсіпкерлерді тегін көрсетілетін қызметтер туралы тұрақты негізде хабардар етеді. Сервистік қызметтер бухгалтерлік және салықтық есепке алуды жүргізу, статистикалық есептілікті жасау, заң мәселелері мен конкурстық рәсімдер, мемлекеттік қолдау шараларын қаржыландыру және алу, бизнес-жоспарларды әзірлеу бойынша офлайн және онлайн форматтарда көрсетіледі», – деді кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау бөлімінің бастығы Анар Саниева.


ӨКП сонымен қатар өңірде қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. Білім беру ұйымдарының тізіліміне 23 оқу орталығы кіреді, оның ішінде кәсіпорындар жанынан – 4, дербес – 5, колледж жанынан – 14.
Жыл сайын жүйелі негізде өңірдің кәсіпорындарына кадрларға болжамды қажеттілік тұрғысынан сауалнама жүргізіледі. Адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Динара Булгаеваның айтуынша, 2023 жылы 1604 респондент сауалнамаға қатысты. Кадрларға деген қажеттілікті 474 жұмыс беруші (29,6%) көрсетті, бұл ретте өңірдегі жалпы қажеттілік 4 726 адамды құрайды (2023 ж.– 1630 адам, 2024 ж.– 1515 адам, 2025 ж. – 1581 адам). Кадрларға қажеттіліктің жоғары деңгейі облыс орталығында – 1284 адам, Степногорск қаласында – 608 адам, Қосшы қаласында – 318 адам атап өтілді.

Жобаларды сүйемелдеу бойынша жұмыс шеңберінде 2023 жылы өңірлік палатамен 50-ден астам бизнес-жоба сүйемелденді. Сонымен қатар, 829 млрд теңгеден астам сомаға 82 инвестициялық жоба Ақмола облысының инвестициялық жобалар картасына енгізілді.

Тауар, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Палата сарапшыларының көмегімен жосықсыз қатысушылар тізілімінен Мемлекеттік сатып алу порталында өнім беруші ретінде Кәсіпкерлік қызметін жалғастырған 8 компания алынып тасталды.

«Осы жылы басым бағыттарды іске асыру жалғастырылатын болады. Қазіргі уақытта біз бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету бойынша жұмысқа қайта оралдық. Жыл басынан бастап бөлшек салықтың арнайы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі 190-нан 364 позицияға дейін кеңейтіледі. Қалалар мен аудандардың жергілікті өкілді органдарымен түсіністік бар, мәслихаттар ағымдағы жылдың 31 наурызына дейін, әділет органдарында тіркелгенге дейін мөлшерлемені төмендету туралы шешім қабылдауы керек. Бұдан басқа, таяу болашақта ТМК өңірлік форумын өткізу, оның барысында салалық проблемаларды талқылау, ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасасу жоспарлануда», – деп атап өтті Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының ӨКП директоры Ерқанат Мұсылманбек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер