astana-view

Кәсіпкерлер палатасы мен прокурорлар инвесторға көмек көрсетті

2024 жылғы 02 Ақпан
- Шымкент қаласы
6794 просмотров

Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері қалалық прокуратурамен бірге қаладағы ірі кәсіпкердің мәселесін оң шешуге үлес қосты. Палатаға «Gold Aluminum» ЖШС басшылығы өтініш жасаған.

Инвестордың мәліметінше, 2023 жылдың күзінде компанияның Шымкент қаласы, Абай ауданы Ынтымақ-2 шағынауданында орналасқан зауыттың қақпасына қарсы бетте жолаушылар аялдамасы орнатылған.

Кәсіпкер бұл аялдама зауытқа жүк көліктерінің кіріп-шығуына кедергі келтіреді деп отыр. Себебі, оны орнатар кезде жауапты мемлекеттік орган өкілдері жүк көліктерінің қозғалысын есепке алмаған дейді. Оған қоса жолаушылар көліктеріне де ыңғайсыздық туындайды.

Зауыт басшылығы осы проблеманы өз бетімен шешпек болып Абай аудандық әкімдігіне шағым түсірген. Әкімдік шағымды қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасына жолдайды. Ал басқарма мамандары аялдаманы басқа жерге ауыстыруға негіз жоқ екенін хабарлаған.

Соңында инвестор Кәсіпкерлер палатасына көмек сұрап келеді. Палатаның қызметкерлері осы проблемамен түбегейлі айналысады.

«Палата атынан Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасына, полиция департаментіне хат жазып, көрсетілген мекенжайға баруды, аялдаманың орнын ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды сұрадық. Оған қосымша Шымкент қалалық прокуратурасына осы мәселенің шешілу барысын бақылауға алуды сұранған хат жолданды. Себебі, инвесторларға, жалпы кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасауды Мемлекет басшысының өзі тапсырған. Осыған орай жасанды кедергілер болмауы тиіс», – дейді Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің І санатты сарапшысы Әзілхан Жарымбетов.

Нәтижесінде Шымкент қалалық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері көрсетілген мекенжайға барып, жолға зерделеу жұмыстарын жүргізді, нәтижесінде қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасына аялдаманың орнын ауыстыру туралы нұсқау жіберілді. Соған қоса Абай аудандық прокуратурасы қалалық әкімдікке олқылықты жою жөнінде ұсыныс жасалып, аялдаманы тез арада басқа орынға ауыстыру көрсетіледі.

Осы нұсқауларды жүзеге асыру нәтижесінде аялдама басқа жерге ауыстырылды. Осылайша мәселесі шешілген инвестор Шымкент қаласының прокуратурасына, Абай аудандық прокуратурасына, полиция департаментінің ӘПБ және Кәсіпкерлер палатасына көрсеткен көмектері үшін алғыс айтты.

Айта кетейік, алюминий профильдер шығаратын «Gold Aluminum» ЖШС 2014 жылы ашылған. Индустриаландыру картасы аясында жүзеге асырылған зауытты 186 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауытта жылына 6 мыңға жуық алюминий профиль шығарылып, соның тең жартысы Ресей, Қырғызстан, Тәжікстанға экспортталады. Жалпы инвестиция көлемі 3 млрд 342 млн теңгеге жуық.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер