astana-view

Қатарда Қазақстан-Қатар Сауда-өнеркәсіп палатасының бірінші отырысы өтті

2024 жылғы 16 Ақпан
7636 просмотров

Мемлекет басшысының Қатарға сапары аясында Қазақстан мен Қатардың сыртқы істер министрлерінің төрағалығымен екі елдің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Қатар Сауда-өнеркәсіп палатасының бірінші отырысы өтті.

Қазақстандық кәсіпкерлер елдеріміз арасындағы экономикалық қатынастарды дамытуды қолдау мақсатында Қатардың Сауда-өнеркәсіп палатасына барды.

Құрамында «Атамекен» ҰКП және Қазақстанның сыртқы сауда палатасының өкілі Ғани Аманбаевтың қатысуымен делегация Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша келіссөздер жүргізіп, Іскерлік кеңестің жұмысын қайта бастау туралы келісімге келді.

Кездесуге Қатар тарапынан Қатардың сауда және индустрия министрі шейх Мұхаммед бен Хамад бен Касим Аль Тани, Қатар кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы шейх Фейсал бен Касим Аль Тани, Қатар Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы шейх Халифа бен Джасим бен Мұхаммед Әл Тани, Nebras Power бас директоры Халид Мұхаммед Джоло, Hassad Food бас атқарушы директоры Али Хилял Аль Кувари, Qatar Free Zone бас директоры шейх Мұхаммед бен Хамад Аль Тани қатысты.

 Еске салсақ, 2023 жылдың соңында Қазақстан мен Қатар арасындағы экономикалық және іскерлік қатынастарды нығайту үшін Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағының қолдауымен «Қазақстан-Қатар Сауда-өнеркәсіп палатасы» ЗТБ құрылды.

Палата жұмысының мақсаты екі ел арасындағы сауда-экономикалық өзара қарым-қатынастарды нығайту; екі елдің бизнесмендеріне бірлескен жобаларына жәрдемдесу; Қазақстанға Қатар инвестицияларын ұлғайтуға жәрдемдесу; Қатарға мұнай сервисін экспорттау жөніндегі жұмыс және басқа да мәселелер.

Кездесу шеңберінде Қазақстан-Қатар Сауда-өнеркәсіп палатасының директорлар кеңесінің құрамына «Атамекен» ҰКП Қазақстанның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов кіретіні туралы келісімге қол жеткізілді.

Сондай-ақ, Қатардың Сауда-өнеркәсіп палатасымен келіссөздер жүргізілді. Онда Қазақстанның тең төрағасы Алмас Құдайберген «Атамекен» ҰКП мен Қазақстанның сыртқы сауда палатасының бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді қатысуының маңызын атап өтті.

Қазақ-Қатар инвестициялық дөңгелек үстелінің аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің төрағасы Асхат Жұмағалидің қатысуымен кездесу өтті. Онда «Атамекен» ҰКП-ның инвестиция саласындағы Қазақстанның ашықтығын арттыру жөніндегі бастамалары, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы сауда палатасының Қазақстанға инвестиция тарту жөніндегі бастамалары қолдау тапты. Алдағы уақытта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен Қазақстан-Қатар Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарлануда.

 Бұдан басқа, бұған дейін Мемлекет басшысы энергетика саласының басымдылығын атап өткендей, Қазақстан-Қатар Сауда-өнеркәсіп палатасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевпен кездесуі ұйымдастырылды. Онда Қазақстан үшін, атап айтқанда, «жасыл» және «жаңартылатын» энергетика саласындағы неғұрлым тиімді жобаларды тарту мәселелері талқыланды. Қатысушылар үшжақты меморандумға қол қою үшін осы жылдың наурызында кездесу туралы келісімге қол жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер